Инфляция 12,9%-ға жетті: Ұлттық банк ақша саясатын қатаңдатады
Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында тұтынушылық несиеге шектеу қоюы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, Қазақстанда инфляция қаңтардағы 8,9%-дан қыркүйекте 12,9%-ға дейін өсті. Бағаның мұндай жеделдеуі елдегі ақша-кредит шарттарының әлсіреуіне әкелген. Жылдың бірінші жартысында инфляция 10–11% деңгейінде болған кезде базалық мөлшерлеме 16,5% еді. Бұл жағдайда нақты мөлшерлеме шамамен 5% болған. Алайда инфляцияның 12,9%-ға дейін өсуі нәтижесінде нақты базалық мөлшерлеме 3,6%-ға дейін төмендеп кеткен.
Мұндай жағдайда қатаң ақша-кредит саясаты туралы айту қиын. Инфляцияның жоғары деңгейі, сауда балансы профицитінің азаюы және импортқа сұраныстың артуы теңгенің әлсіреуіне де ықпал етті, – деді Сүлейменов.
Осыған байланысты Ұлттық банк макроэкономикалық тепе-теңдікті қалпына келтіру және инфляцияны бақылаудан шығармау мақсатында 10 қазанда базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді.
Реттеуші бұл шешім инфляциялық қысымды төмендетіп, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, теңгедегі активтердің құнын арттыруға және ұлттық валютаны нығайтуға бағытталғанын атап өтті.