Инфекционист дәрігер коронавирустан кейінгі оңалту жолдарын атады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустан ауырып тұрған барлық науқас оңалтуды қажет етеді. Бұл туралы Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасының дәрігері Ольга Антипова онлайн брифингте айтты.
Оның айтуынша, коронавирустың салдары әр түрлі болады, сондықтан емделіп шыққан науқастардың терапевт дәрігердің көмегіне жүгінгені дұрыс.
Оңалту жеңіл ауруы бар науқастарға да белгіленеді, бірақ ол үйде жүргізіледі. Бұл – қарапайым тыныс алу жаттығулары, таза ауада серуендеу, диета. Аурудың орташа және ауыр дәрежесінен кейін науқастар оңалту бөліміне жіберіледі. Мысалы, біздің ауруханада физиотерапия мен гимнастика жүргізілетін оңалту бөлімі бар, - дейді О. Антипова.
Дәрігер коронавирус жұқтырғандарды оңалту үшін виброакустикалық аппараттық массаж жасалатынын айтты. Процедура 5-7 күн ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, коронавирустан кейін санаториялық-курорттық ем көрсетіледі екен. Мысалы, №5 қалалық клиникалық аурухананың емделушілері «Каменское плато» шипажайына оңалтуға жіберілген.
Постковидтік синдром бір аптадан алты айға дейін созылуы мүмкін екен. Сонымен қатар емделіп шыққан балаларға да оңалту қажет.
2020 жылдың қарашасынан бастап біздің ауруханада 380 бала емделді. Біз ауыр науқастарды кездестірмедік, сондықтан педиатр тексергеннен кейін оңалту үйде өтті. Ата-аналар мен балаларға тыныс алу жаттығуларын қалай жасау керектігі түсіндірілді. Дәрігер-реабилитолог жаттығуларды қалай жасау керектігін көрсететін бейнеролик түсірді, - деді О. Антипова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы