Индонезиядағы паром апаты: 6 адам қаза тауып, 130 адам іздестіріліп жатыр
Ұзындығы 119 метр болатын паромда 213 жолаушы мен 30 экипаж мүшесі болған.
Индонезияда Ява теңізінде жолаушылар паромы аударылып, кемінде алты адам қаза тапты. 107 адам құтқарылды, тағы 130 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды BBC.
Virgo Transport 8 паромы Сурабая қаласынан Оңтүстік Калимантандағы Банджармасинге бағыт алған. Қолайсыз ауа райы кезінде кемемен байланыс үзіліп, соңғы рет ол Банджармасиннен шамамен 150 шақырым жерде тіркелген.
Ұзындығы 119 метр болатын паромда 213 жолаушы мен 30 экипаж мүшесі болған.
Іздестіру-құтқару операциясына Индонезияның құтқару қызметі, әскери-теңіз күштері, теңіз полициясы және басқа да құрылымдар жұмылдырылды. Оқиға орнына кемелер мен тікұшақ жіберіліп, операцияға 280-ге жуық адам қатысып жатыр. Ява теңізіндегі басқа кемелерге де жоғалған жолаушыларды іздеуге көмектесу туралы ескерту берілген.
Апатқа дейін жолаушылардың бірі туыстарына теңіздегі толқындардың қатты екенін хабарлаған.
Индонезия 17 мыңнан астам аралдан тұратындықтан, паромдар елдегі негізгі көлік түрлерінің бірі саналады. Алайда теңіз апаттары жиі кездеседі. Үкімет дерегінше, 2020-2026 жылдар аралығында елде 111 кеме апаты тіркелген.
Қазіргі уақытта жоғалған 130 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.