Индонезиядағы көшкіннен қаза тапқандар саны 70 адамға жетті

Индонезияның Батыс Ява провинциясында 24 қаңтарда болған көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 70 адамға дейін артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Antara агенттігінің мәліметінше, Батыс Ява провинциясында көшкін жүрген аумақта іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Бандунг қаласындағы Іздеу және құтқару басқармасының басшысы Аде Диан Пермана құтқарушылар табиғи апат салдарынан қиын жағдайға тап болған 78 адамға көмек көрсеткенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, тағы 10 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Алдын ала мәлімет бойынша, олар үйінді астында қалуы мүмкін. Сонымен қатар жаңа көшкін жүруі ықтимал деген қауіпке байланысты сақтық шаралары да қабылданып жатыр.

Көшкін 24 қаңтарда Батыс Ява провинциясындағы Батыс Бандунг ауданында бірнеше күн бойы толастамаған нөсер жауыннан кейін жүрген.

Зардап шеккен аумақтардан шамамен 230 адам эвакуацияланып, уақытша паналау орындарына орналастырылды.

Биліктің хабарлауынша, кейбір елді мекендер толықтай топырақ астында қалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы