Индонезияда жолаушылар паромы суға батып кетті
Бали маңында 65 адамы бар паром апатқа ұшырап, 4 адам қаза тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Индонезияда Баньуванги портынан Бали аралына бет алған жолаушылар паромы теңізде суға батып кетті. Апат салдарынан 4 адам қаза тауып, 38 жолаушы із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқару жұмыстары жалғасуда.
Кемеде барлығы 65 адам болған: 53 жолаушы, 12 экипаж мүшесі және 22 көлік құралы. Құтқару қызметтері 23 адамды аман алып шыққанымен, 4 адамның қаза тапқаны анықталды. Тағы 38 адамның тағдыры беймәлім.
Құтқару жұмыстарына дауылды жел мен күшті теңіз ағысы кедергі келтіріп отыр. Бұл іздеу шараларын айтарлықтай қиындатып жатыр.
Жергілікті MetroTV телеарнасының алдын ала деректеріне сүйенсек, апатқа ұшыраған паромда шетел азаматтары болмаған.
Индонезия 17 мыңнан астам аралдан тұратын мемлекет. Елде мұндай апаттар жиі тіркеледі. Бұған кемелердің шамадан тыс жүктелуі мен теңіздегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп. 2023 жылы Сулавеси аралы маңында да шағын паром аударылып, 15 адамның өмірін қиылған.
Индонезия билігі апатқа байланысты тергеу басталғанын және теңіз жолдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Индонезияда есірткімен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатқаны хабарланды.