Бүгiн 2026, 17:14 Фото: pixabay.com

Индонезияда жарқанаттардан Нипах вирусына қарсы антиденелер анықталды

Бұл вирус тыныс алу жүйесін зақымдап, энцефалиттің дамуына себеп болады.

Индонезияның бірқатар провинцияларында жарқанаттардан Нипах вирусына қарсы антиденелер табылды. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлік мәліметінше, Медан қаласында, Батыс және Шығыс Явада, сондай-ақ Батыс Калимантанда жүргізілген зерттеулер жарқанаттардың шамамен 18–30 пайызында Нипах вирусына қарсы антиденелер бар екенін көрсеткен.

Ведомство өкілдері Индонезиядағы шошқалардан бұл вирусқа қарсы антиденелер анықталмағанын да атап өтті.

Бұған дейін Нипах вирусының адамға жануарлардан, әсіресе жарқанаттар мен шошқалардан жұғуы мүмкін екені белгілі болған. Бұл вирус тыныс алу жүйесін зақымдап, энцефалиттің дамуына әкеледі. Ал дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, жағдайлардың 75 пайызында өлімге соқтыруы мүмкін.

Еске салайық, қаңтар айында Нипах вирусының таралуы Үндістандағы Калькутта қаласының маңында тіркелген болатын. Қазіргі уақытта бес адам вирус жұқтырып, жүзге жуық адам карантинге алынған. Қазіргі таңда бұл ауруды емдейтін арнайы дәрі де, вакцина да жоқ.