Индонезияда жанартау атқылауына байланысты ірі әуежай уақытша жабылды
Жанартау күліне байланысты 33 рейске шектеу қойылды.
Индонезияның ең ірі әуежайы – Джакартадағы Сукарно-Хатта әуежайы Анак-Кракатау жанартауы атқылағаннан кейін тараған жанартау күліне байланысты рейстерді қабылдау мен жөнелтуді уақытша тоқтатты.
РБК таратқан мәліметке сәйкес, шектеу жергілікті уақыт бойынша 6 қыркүйек сағат 01:30-да енгізілді. Бастапқыда әуежайды төрт сағаттан кейін ашу жоспарланған еді, алайда ұшуға қойылған шектеу сағат 09:30-ға дейін ұзартылды.
Мұндай шешім әуежай маңындағы ауаның жағдайы тексерілгеннен кейін қабылданды. Түн ортасынан кейін жүргізілген сараптама ауада жанартау күлінің бар екенін растады.
5 қыркүйек сағат 22:00-дегі жағдай бойынша 16 халықаралық рейс тоқтатылып, жетеуі кешіктірілді, тағы бесеуі кейінге шегерілді. Жалпы шектеулер 33 рейске әсер етті.
Сингапур, Гонконг, Сидней, Сеул, Доха, Амстердам және Куала-Лумпур бағыттарындағы халықаралық рейстерде қиындық туындады. Сонымен қатар ішкі бағыттарда төрт рейс тоқтатылып, тағы бір ұшақ басқа әуежайға бағытталды.
Анак-Кракатау жанартауы 5 қыркүйекке қараған түні атқылады. Индонезияның геологиялық басқармасының мәліметінше, жанартау шамамен он рет лава мен күл атқылаған, сондай-ақ жерасты дүмпулері тіркелген. Анак-Кракатаудың белсенділігі 2026 жылғы шілдеден бері жоғары деңгейде сақталып отыр.