Индонезияда Ява аралындағы Семеру жанартауы оянды

Ява аралының шығыс бөлігіндегі Семеру жанартауы түн ішінде алты рет атқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Antara News агенттігінің мәлімдеуінше, Лумаджанг пен Маланг округтерінің шекарасында орналасқан жанартау жергілікті уақытпен түнгі 00:26-дан таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта кратерден 500 метрден 1200 метрге дейін биіктікке күл бағандарын атқан.

Семеру жанартаулық обсерваториясының өкілі Листвантоның айтуынша, Индонезияның ұлттық ескерту жүйесіне сәйкес жанартаудың қазіргі қауіптілік деңгейі үшінші сатыға көтерілген. Бұл жанартаулық белсенділіктің артқанын және тұрғындар үшін ықтимал қауіп бар екенін білдіреді.

Осыған байланысты билік қатаң шектеулер енгізді: кратерден бес шақырым радиуста кез келген қызмет түріне толық тыйым салынды. Бұл шешім жанартаудан тас, жыныс сынықтары мен басқа да қауіпті қалдықтардың ұшып шығу қаупіне байланысты қабылданған. Сондай-ақ тұрғындарға жанартаудан 13 шақырымға дейінгі аумақта болудан және шаруашылық жұмыстарын жүргізуден бас тарту ұсынылды.

Әсіресе өзен арналарына жақын орналасқан аумақтарға ерекше назар аударылып отыр. 13 шақырымдық аймақтан тыс жерде де адамдарға өзендерден кемінде 500 метр қашықтықта жүру қатаң түрде ескертіледі. Себебі лаваның ағуы мен жанартаулық сел тасқындарының (лахарлардың) 17 шақырымға дейін жету қаупі бар.

Семеру жанартауы Бромо–Тенгер–Семеру ұлттық паркінің құрамына кіреді және Ява аралындағы ең белсенді жанартаулардың бірі саналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы