Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін – Мемлекет басшысы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет екенін айтты.
Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, - деді ол.
Президент сонымен қатар, елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды, - деді.
Мемлекет басшысы жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да жасырмады.
Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас. Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық. Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді. Бұл "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы