Індет өршіп барады: Бангладеште денге безгегінен 101 адам көз жұмды
Бангладеш індет өршіді. Билік өкілдері алдын алу шаралары күшейтілмесе, биылғы індет Оңтүстік Азия еліндегі ең ауқымдысы болуы мүмкін деп қауіптенеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Бангладеште денге безгегінен 101 адам қайтыс болды. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары бұл маса арқылы таралатын ауру алдағы апталарда күрт өршуі мүмкін деп ескертеді.
Денсаулық сақтау бас дирекциясының ресми деректеріне сәйкес, қаңтардан бері 24 183 жағдай расталған. Оның ішінде жексенбіге дейінгі соңғы 24 сағатта 448 адам ауруханаға түскен. Соңғы қайтыс болғандардың екеуі Даккада, бірі Чаттограмда тіркелді.
Тек тамыздың алғашқы 10 күнінде 19 адам көз жұмды. Бұл көрсеткіш шілдедегі 41 өліммен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, ал маусымда 19 адам қайтыс болған еді. Дакка мен басқа да ірі қалалардағы ауруханаларда орын тапшылығы сезілсе, қарқынды терапия мүмкіндігі шектеулі ауылдық мекемелер де ауыр халде.
Жағдай өте күрделі. Вирус елдің барлық аумағында таралып үлгерді, ал жаппай шараларсыз ауруханалар науқастарға толып кетеді, – деді Джахангирнагар университетінің энтомологы профессор Кабирул Башар Reuters агенттігіне.
Оның айтуынша, тамызда науқастар саны шілдемен салыстырғанда үш есе артып, қыркүйекте шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Ол масаларға қарсы бүкіл ел бойынша түтіндеу, аула тазалау, су жиналған ошақтарды жою сияқты жұмыстар жүргізуді ұсынды.
Сарапшылардың айтуынша, жылы әрі ылғалды ауа райы, жауған жаңбыр және климаттың өзгеруі Aedes масаларының көбеюіне және аурудың таралуына қолайлы жағдай туғызған.
Даккадан бөлек, Баришал, Чаттограм, Кхулна және Раджшахи өңірлерінде де көптеп жағдай тіркелуде.
Денгенің белгілері
Жиі кездесетін қауіпті белгілер – қатты іш ауыруы, тыныстың тарылуы, қан кету, қатты әлсіздік, несептің азаюы немесе тромбоциттердің күрт төмендеуі.
Еске салайық, бұған дейңн қауіпті вирустан Қытай да қатаң карантиндік шараларға көшкені хабарланған.