Импорт, салық және доллар: Қазақстанда көлік қашан арзандайды?
Қазіргі таңда баға саясатына бірнеше фактор ықпал етіп отыр.
Қазақстанда автокөлік бағасының болашағы қоғамда жиі талқыланып жүрген өзекті тақырыптардың бірі. Алдағы уақытта автокөлік бағасы төмендеуі мүмкін деген болжам айтылып отыр. Бұған ел ішіндегі өндіріс көлемінің артуы ықпал етеді деп күтілуде. Шын мәнінде солай ма? Қазақстандықтарға қай кезден бастап қолжетімді көлік міне алады? Мәселені ВАQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Жаңа зауыттардың іске қосылуы мен өндірістің жергіліктендірілуі бағаның төмендеуіне мүмкіндік береді деген пікір бар. Екінші жағынан, салық саясаты, импортқа тәуелділік және валюта бағамы сияқты факторлар бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін. Сарапшылар мен сала өкілдерінің айтуынша, жағдай біржақты емес және әртүрлі факторларға байланысты қалыптасып отыр.
Министр: Өндіріс артса, бағаға қысым төмендеуі мүмкін
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Қазақстанда автокөлік өндірісінің кеңеюі ұзақ мерзімді перспективада бағаға оң әсер етуі мүмкін. Оның сөзінше, отандық зауыттар жыл сайын шығарылатын көлік маркаларының қатарын көбейтіп келеді.
Өздеріңіз білесіздер, қазақстандық кәсіпорындар жыл сайын жаңа маркаларды шығара бастады. Нарыққа жаңа көліктер келген сайын олардың құны да біртіндеп төмендейді. Мұны нақты айтуға болады. Сонымен қатар отандық өндірістің ұлғаюы қытайлық автокөліктердің бағасына да әсер етіп, олардың арзандауына ықпал етеді, - деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы Өскемендегі "Азия Авто" зауытын қайта іске қосу жұмыстары қолға алынғанын айтты. Оның мәліметінше, жобаны жүзеге асыруға дайын инвесторлар бар және олардың барлығы – қазақстандық кәсіпкерлер. Қазіргі таңда кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымы дайын, жұмыс күші де сақталған.
Алайда ресми статистика әзірге автокөлік бағасының төмендеу үрдісі қалыптаспағанын көрсетеді. Керісінше, 2025 жылдың қаңтар айындағы мәліметтер автокөлік бағасының белгілі бір деңгейде өскенін аңғартады.
Бұл ретте айта кетерлігі, Көлік министрлігі автокөлік бағасының өзгеру ықтималдығына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Статистика не дейді?
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында жаңа автокөліктердің бағасы бір жыл ішінде 5,4%-ға өскен. Бұл көрсеткішке отандық және импортталған көліктердің барлығы кірген.
Баға өсімі сегменттер бойынша әртүрлі. Мәселен Қазақстанда шығарылған жаңа автокөліктердің бағасы небәрі 1,9%-ға ғана көтерілген. Ал импортталған көліктердің құны айтарлықтай жоғарылап, 7,3%-ға өскен.
Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева бұл көрсеткіштердің саладағы жалпы жағдайды көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы баға өсімі инфляция деңгейінен аспаған.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, жаңа автокөліктердің бағасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Импортталған және отандық көліктерді қоса алғанда, өсім 5,9%-дан аспады. Ал Қазақстанда өндірілген автокөліктердің бағасы бар болғаны 1,9%-ға ғана өсті, - деді ол.
Жергіліктендіру – бағаны төмендетудің басты құралы
Сала өкілдері автокөлік бағасын төмендетудің негізгі жолдарының бірі – өндірісті ел ішінде дамыту және құрамдас бөлшектерді жергілікті жерде шығару екендігін айтуда.
Анар Мақашеваның сөзінше, бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған.
Жақында біз Қазақстанда автокөлік орындықтарын өндіруді бастадық. Соның өзі көлік құнын шамамен 100 долларға арзандатты. Егер құрамдас бөлшектердің көбірегін, әсіресе күрделі технологиялық операцияларды қолдана отырып, ел ішінде өндіретін болсақ, баға одан әрі төмендейді. Өзіндік құнды азайту бағытындағы жұмыс – бұл әрі бөлшек өндірушілер, әрі автокөлік өндірушілер үшін үздіксіз жүретін процесс, – деді ол.
Мәлімдеуінше, бүгінде саладағы негізгі басымдық – автобөлшектер өндірісін дамыту. Бұл бағытқа шағын және орта бизнес өкілдерін тарту да маңызды.
Біз шағын және орта бизнес өкілдерін осы салаға белсенді қатысуға шақырып отырмыз. Бұл қосалқы бөлшектер өндірісін кеңейтіп, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді одақ басшысы.
Сонымен қатар ол бұл бағытта қаржылық қолдау тетіктері де қарастырылып жатқанын алға тартты. Атап айтқанда, өндірістік ғимараттар салуға арналған бағдарламалар, жабдықтарды сатып алу немесе лизинг арқылы алу мүмкіндігі, сондай-ақ "Бәйтерек" холдингі арқылы кепілзаты жеткіліксіз компанияларға банктік кепілдіктер беру шаралары бар.
Мұның бәрі компоненттік базаны дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және түпкі тұтынушы үшін автокөліктің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған, – деді Анар Мақашева.
Жаңа зауыт жаңа мүмкіндік пе?
Қазақстан Автокөлік одағының мәлімдеуінше, елімізде автокөлік бағасы бұрын да төмендеген жағдайлар болған. Мәселен 2025 жылдың қыркүйегінде Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты іске қосылғаннан кейін кейбір көліктер арзандады.
Компания Chery, Changan және Haval брендтерінің бағасын модельге байланысты 7-15% аралығында төмендеткенін мысалға келтірді.
Осы тұрғыда авто сарапшы Алексей Алексеев бұл нақты мысал бағаның төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді, бірақ ол барлық көлікке қатысты болған жоқ деп атады.
Зауыт іске қосылған кезде бағаны төмендететінін жариялады және шынымен де төмендетті. Баға айырмашылығы шамамен 700 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін болды. Бірақ бұл барлық көлікке қатысты емес, тек жаңа зауытта шығарылған модельдерге ғана әсер етті, – деді сарапшы.
Бағаның негізгі тәуекел факторлары
Автокөлік нарығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – салық саясаты. Сарапшылардың айтуынша, салықтың өсуі бағаның төмендеуіне кері әсер етуі мүмкін.
Алексей Алексеевтің пікірінше, қазіргі жағдайда бағаның төмендеуіне нақты алғышарттар байқалмайды.
ҚҚС өсті, Салық кодексі өзгерді. Сондықтан 2026 жылы, керісінше, баға аздап өсуі мүмкін. Бұдан бөлек, бәрі валюта бағамына байланысты. Автокөліктер мен машина жинақтары доллармен сатып алынады. Сондықтан валюта бағамы әрқашан соңғы бағаға әсер етеді, – деді ол.
Пайымдауынша, доллар арзандаған жағдайда теориялық тұрғыдан автокөлік бағасы да төмендеуі тиіс, өйткені жеткізу мен құрамдас бөлшектердің құны азаяды. Алайда өндірушілер бұл үнемді әрдайым тұтынушыға жеткізе бермейді.
Бұрын валюта бағамының өзгеруі көбіне бағаның өсуіне ғана әсер ететін. Сондықтан өндірушілер бағаны төмендете ме, жоқ па – оны нақты айту қиын, – деді сарапшы.
Баға қашан төмендейді?
Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы автокөлік бағасының өсу ықтималдығы төмендеу мүмкіндігінен жоғары.
Алексей Алексеевтің айтуынша, кейбір болжамдар бойынша баға 5%-дан 15%-ға дейін өсуі мүмкін.
Баға кем дегенде 5 пайызға өсуі мүмкін. Кейбір болжамдар бойынша 10-15 пайызға дейін қымбаттауы ықтимал. Бірақ бұл барлық көлікке қатысты емес, – деді ол.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстандағы автокөлік нарығының импортқа тәуелді екенін атап өтті.
Кейбір көліктер толық дайын күйінде импортталады, кейбірі бөлшек күйінде әкелініп, Қазақстанда құрастырылады. Ал кейбір брендтерде терең локализация бар, мысалы, Hyundai немесе Kia. Бірақ жалпы алғанда баға көбіне өседі, – деді Алексей Алексеев.
Сондай-ақ сарапшы былтыр қытайлық брендтер арасында баға бәсекесі байқалған, бұл да уақытша арзандауға себеп болған.
Қытайлық автокөліктер бір-бірімен бәсекелесіп, бағаны төмендетті. Бірақ бұл бір реттік құбылыс болды. Қазір бағаның төмендеуіне нақты алғышарттар көріп тұрған жоқпын, – деді сарапшы.
Бағаның жаппай төмендеуіне негіз жоқ, бірақ үміт бар
Жалпы алғанда, сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда автокөлік бағасының жаппай және тұрақты түрде төмендеуі әзірге екіталай. Қысқа мерзімде салық саясаты, импортқа тәуелділік және валюта бағамы сияқты факторлар бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар өндірісті жергіліктендіру, жаңа зауыттардың іске қосылуы және құрамдас бөлшектерді ел ішінде шығару ұзақ мерзімді перспективада бағаны тұрақтандыруға және біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді.
Яғни қазіргі жағдайда автокөлік бағасының күрт арзандауын күту қиын. Дегенмен өндіріс көлемі артқан сайын және локализация деңгейі өскен сайын нарықта баға тұрақтылығы қалыптасуы мүмкін.