Импичмент қаупі: Трамп Гренландияға әскер жіберу жоспарынан бас тартты
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Гренландияны бақылауға алу мақсатында әскери араласу нұсқасынан бас тартты. Бұл туралы BAQ.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, мұндай шешімнің негізгі себебі – президентке импичмент жариялануы мүмкін деген қауіп. Ақ үйдің жоспарына демократтармен қатар, республикалық партия өкілдері де алаңдаушылық білдірген.
Заң шығарушылар Трамптың Конгрестің алдын ала келісімінсіз әскери операция бастауынан қауіптенген. Дереккөздердің айтуынша, Ақ үйде өткен талқылаулар барысында мемлекеттік хатшы Марко Рубио және әкімшіліктің өзге де жоғары лауазымды өкілдері мұндай қадамның елеулі саяси салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Соның нәтижесінде шенеуніктер күш қолдану сценарийінен бас тартуды ұсынған.
Сондай-ақ Республикалық партияның кейбір өкілдері Конгрестің мақұлдауынсыз Гренландияда әскери операция басталған жағдайда, президентке қатысты импичмент рәсімі қозғалуы мүмкін екенін ашық мәлімдеген.