«Иммунизацияның баламасы жоқ»: елордалық педиатр екпенің маңыздылығын еске салды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 24-30 сәуір аралығында «Ұзақ өмір» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өтуде. Іс-шараның мақсаты – вакцинаны алудың маңыздылығын және оның қолжетімділігін көрсету, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Вакциналар бізге асқынусыз және аурусыз өмір сүруге, толыққанды салауатты өмір сүруге мүмкіндік береді. Екпе арқылы алдын алуға болатын аурулар жыл сайын күшейіп барады, салдарынан асқынуларға, тіпті жас балалардың мезгілсіз өліміне әкеледі. Қазіргі уақытта иммунизацияның баламасы жоқ деп айтуға болады, - дейді қаланың штаттан тыс педиатр дәрігері Дана Әбілғазина.

Оның айтуынша, иммундау мәселесі тек медицина қызметкерлерге міндеттелмейді және міндеттелмеуі керек. Бұл әрбір адамның жеке жауапкершілігі.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біз тек хабарлап, түсіндіріп бере аламыз. Ал вакцинаны алу әрбір адам үшін қажеттілік болып қала береді. Соңғы уақыттары екпенің қауіпсіздігі туралы пікірлер көбейді. Дегенмен жалған фактілер мен материалдар да жарияланып тұрады, тиісінше теріс мағынада қызу талқыланып жатады. Бұл пікірлер орынсыз, өйткені ол нақты дәлелденбеген немесе біреудің жеке пікіріне ғана негізделген, - дейді маман.

Сөз арасында бұл қоғамда үлкен резонанс тудыратынын, салдарынан жұрт арасында негізсіз қорқыныш пайда болатынын айтты.

Вакцина алғаннан кейінгі кез келген реакция инфекциялардың асқынуынан әлдеқайда жеңіл. Ол аурудың салдарымен салыстыруға келмейді. Мысалы, қызамық ауруын алыңыз. Балалық шақта ауру жеңіл өткенмен жүкті әйелдер үшін өте қауіпті болып есептеледі. Егер әйел қызамықпен ауырса, бұл жатырдағы сәбидің туа біткен деформациясына, түсік тастауына, сол сияқты өлі туылуына әкелуі мүмкін. Немесе полиомиелит ауруы параличтің дамуына әкелуі, нәтижесінде адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Егер дифтерия пайда болса, аурудан кейінгі өлім жағдайының тәуелділігі өте жоғары болмақ. Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады. Кез келген ата-ана өз баласының денсаулығы үшін жауапты, сондықтан уақытылы екпе алудың қаншалықты маңызды екенін түсінуі керек. Вакцина балаңызға ешқандай зиян тигізбейді, тек аурудың асқынуының немесе өлімнің алдын алады, - деп қосты Дана Әбілғазина.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, елордада 18 жасқа дейінгі 400 мыңға жуық бала тұрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 жасқа дейінгі балалардың 97% қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы профилактикалық екпе алды. Алайда 2 жасқа дейінгі балаларды көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы профилактикалық екпемен қамту 84,6%-ды ғана құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы