«Иммунитетті күшейтеді»: Балаларға арналған қоспалар шынымен қажет пе?
«Иммунитетті күшейтеді», «есте сақтау қабілетін жақсартады», «баланың бойын өсіреді». Балаларға арналған биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасында осындай уәделер жиі кездеседі. Алайда тартымды қаптама мен әсерлі жарнама өнімнің балаға қажет екенін білдірмейді. Қоспаны қандай жағдайда қолданған дұрыс және сатып аларда нені тексеру керек? Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түрлі түсті құты, тәтті шәрбат, аю пішініндегі дәрумендер. Балаларға арналған қоспалардың сыртқы көрінісіне дейін ата-ананың назарын аударуға бейімделген. Баласының дені сау болғанын қалайтын ата-ана мұндай өнімнен үміт күтеді. Бірақ оны сатып алмас бұрын баланың нақты қажеттілігін анықтау маңызды.
Маманның түсіндіруінше, тағамға биологиялық белсенді қоспалар күнделікті тамақтануды белгілі бір заттармен толықтыруға арналған. Олардың құрамында дәрумендер, минералдар, май қышқылдары, өсімдік компоненттері немесе пробиотикалық микроорганизмдер болуы мүмкін.
ББҚ дәрілік зат болып саналмайды. Қазақстанда олар мемлекеттік тіркеуге жатады. Сондықтан қаптаманың тартымдылығынан бұрын өнімнің тіркелгенін және қандай мақсатқа арналғанын тексеру маңызды, - дейді Мұхамғали Арыспаев.
«Сақтық үшін» дәрумен беру қажет пе?
Ата-аналар арасында кең тараған өнімдердің бірі – мультидәрумендер. Оларды кейде баланың тәбеті төмендегенде немесе оқу жылы басталғанда «сақтық үшін» береді. Алайда мұндай шешім баланың тамақтануы мен денсаулық жағдайын бағалауға негізделуі керек.
Мұхамғали Арыспаев Америка педиатрия академиясының мәліметін келтіріп, дені сау, әртүрлі әрі теңгерімді тамақтанатын балаларға ұсынылған қажеттіліктен артық дәрумен қабылдау қажет емес екенін жеткізді.
Демек, әр балаға міндетті түрде бір құты дәрумен сатып алу - денсаулықты сақтаудың әмбебап жолы емес. Қоспаның қажеттілігі баланың тамақтануына, жасына және денсаулық жағдайына қарай бағаланады, - дейді ол.
Темір мен кальций бар өнімдерді қолданудың да нақты мақсаты болуы қажет. Маманның айтуынша, темір қоспасы кейбір балаларға тамақтану ерекшелігіне немесе тапшылық қаупіне байланысты ұсынылады. Ал кальций қоспасының қажеттілігі күнделікті рационға қарай бағаланады.
Баланың аз тамақтануы немесе белгілі бір тағамды ұнатпауы бірден бірнеше қоспаны қатар беруге негіз бола алмайды. Алдымен педиатрмен баланың тамақтануын талқылаған жөн.
Пробиотиктің бәрі бірдей әсер етпейді
Баланың іші ауырса, аллергия белгілері байқалса немесе жиі сырқаттанса, кей ата-ана пробиотиктерге жүгінеді. Бірақ барлық өнімнен бірдей нәтиже күтуге болмайды.
Құрамында тірі микроорганизмдер бар кейбір препараттар мен қоспалар нақты жағдайларда зерттелгенімен, оларды кез келген іш ауыруына, аллергияға немесе “иммунитет үшін” ұсынуға жеткілікті дәлел жоқ. Ұзақ уақыт қолданудың қауіпсіздігі туралы деректер де шектеулі,- дейді маман.
Оның айтуынша, әсіресе ауыр сырқаты бар немесе иммундық жүйесі әлсіреген балаға мұндай өнімді дәрігердің кеңесінсіз беруге болмайды.
«Табиғи» деген сөз қауіпсіздікті білдірмейді
Өсімдік сығындылары қосылған шәрбаттар мен «иммунитетке арналған» кешендердің жарнамасында «табиғи» деген сипаттама жиі қолданылады. Бұл ата-ананың өнімге деген сенімін арттыруы мүмкін. Алайда оның құрамын және балаға ықтимал әсерін ескерген дұрыс.
Бірақ табиғи өнімнің бәрі бірдей қауіпсіз емес. Кейбір қоспалар дәрілермен өзара әсерлесуі немесе жағымсыз әсер туғызуы мүмкін. Оның үстіне көптеген ББҚ балаларда жеткілікті зерттелмеген,- дейді маман.
Мұхамғали Арыспаевтың сөзінше, Америка педиатрия академиясы теңгерімді тамақтанатын дені сау балаларда қоспалардың иммунитетті күшейтіп, ауыр аурулардың алдын алатынына дәлел жоқ екенін атап көрсетеді.
Сатып аларда нені тексеру керек?
Ата-ана өнімнің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін сұратып, ондағы деректерді ресми бірыңғай тізілімнен тексере алады. Өнімнің атауы мен өндірушісі қаптамадағы мәліметке сәйкес келуі керек.
Дегенмен тіркеу құжатын қоспаның барлық балаға қажет екенін дәлелдейтін көрсеткіш ретінде қабылдауға болмайды.
Бірақ тіркелгені туралы құжаттың болуы жарнамадағы барлық уәдені растайды немесе қоспа әр балаға қажет деген сөз емес, - дейді Мұхамғали Арыспаев.
Маман дәрігерге баланың қабылдап жүрген барлық дәрумені, қоспасы мен дәрісі туралы айтудың маңызды екенін де ескертеді. Ал тәтті әрі ойыншыққа ұқсас өнімдерді баланың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет. Оларды бақылаусыз қабылдау денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Қоспа қажет болса, оның мақсаты, мөлшері мен қабылдау ұзақтығы түсінікті болуы керек. Ал таңдауды жарнаманың әсерлі сөзі емес, баланың денсаулығы мен ғылыми дәлел айқындағаны жөн,- деп түйіндеді маман.