Әкім: Тұмауға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру - бірінші міндет
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте тұмауға қарсы вакциналау барысы және басқа да бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Павлодарда орталықтандырылған жылу беруді іске қосу мерзімі туралы қала әкімі Ержан Имансләм есеп берді. Оның мәліметінше, 16 қыркүйектен бастап облыс орталығында әлеуметтік - мәдени тұрмыстық нысандар, ал 23 қыркүйектен бастап көпқабатты тұрғын үйлер жылуға қосылады. Бүгінгі күні Павлодардағы 188 үй желілерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының салдарынан ыстық сусыз қалып отыр, алайда апта соңына дейін бұл жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
Павлодарда жылу беру маусымы басталуының аталған күндері ауыспауы тиіс. Осы уақытқа дейін жылу қабылдауға толық дайындалмаған ПИК-терді бақылауды күшейту қажет. Сонымен қатар халыққа арналған қатты отынның құнын бақылау үшін көмір жеткізудің барлық тізбегін разрездерден елді мекендерге дейін бақылау қажет - деп талап етті өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Маусымдық тұмауға қарсы вакциналауға келетін болсақ, Павлодар облысында бұл жұмыс 7 қыркүйектен басталды. Өңірде халықты иммундау үшін 80 мыңнан астам доза вакцина сатып алынды. Бүгінде бұл процедурадан 20 мыңнан астам адам өтті.
Вакциналау қауіп топтарына жататындар арасында жүргізіледі: білім беру ұйымдарындағы балалар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық - әлеуметтік мекемелердегі қызмет алушылар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар. Бұдан басқа, ақылы негізде тұмауға қарсы иммундау жүргізу үшін вакцинаның 4 мыңға жуық дозасы сатып алынды - деп атап өтті Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Өңірдің 53 мыңға жуық адам жұмыс істейтін 27 кәсіпорнында 12,5 мыңнан астам қызметкер вакцина алуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Бұл дұрыс шешім. Тұмауға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру - бірінші міндет. Бұл тек жергілікті атқарушы органдар үшін ғана емес, сонымен қатар біздің өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары үшін де. Бұл жұмысты ұйымдастыру қажет, әзірше уақыт бар, бұл процесті жеделдету қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Вакциналау кезінде адамдардың көп жиналуын болдырмау үшін емханаларда иммундау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, алдын ала жазылу бойынша жүргізілуде.