"Имидж үшін": Астанада жігіт қонақ үйлер мен мейрамханаларды тегін пайдаланған
Елордада өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты өмірді "жалған имидж" ретінде жарнамалаған жігіт алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
5 ай бойы қонақ үйлер мен қымбат мейрамханаларда жүрген
Айыпталушы достарымен бірге бес жұлдызды қонақ үйлерде тұрып, мейрамханаларда қымбат ас ішіп, элиталық дүкендерден киім-кешек сатып алған. Ол банк атынан расталмаған төлем тапсырмаларын жіберіп, қызмет көрсетушілерді алдаған.
4,4 млн теңгеден аса шығын
Қонақ үйде бірнеше күн бойы тұрақтап, тамақ пен сусынға тапсырыс берген алаяқ төлем құжаттарын банктік қосымша арқылы жолдаған. Бірақ шотында қаражат болмаған. Осылайша ол қызметкерлердің сеніміне кіріп, жәбірленушілерге 4,4 млн теңге көлемінде шығын келтірген.
Жәбірленушілер ақшаның түспегенін білген соң құқық қорғау органдарына жүгінген.
"Әлеуметтік желі үшін істедім"
Сотталушы кінәсін толық мойындап, қымбат өмірді әлеуметтік желілерде көрсету үшін осындай қадамға барғанын айтқан. Ол өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстыруды көздеп, суреттерін жариялап жүрген.
Қылмыстық істердің жалпы сомасы 8 млн теңгеден асты.
3 жылға сотталды
Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар келтірілген шығын жәбірленушілерге өтелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге төлемді растайтын құжаттарды мұқият тексеруге кеңес берді.