Иманжүсіптен Иманбекке дейін. Керекуден шыққан әншілер мен музыканттар

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Павлодар облысының тумасы Иманбек Зейкенов (Imanbek) Roses SAINt JHN композициясымен әлемдік «Грэмми» (Grammy) жүлдесін жеңіп алған болатын. Осы ретте Кереку өңірінен шыққан атақты әншілер мен композиторларды, музыканттарды тізіп шыққанды жөн көрген едік.

Иманжүсіп Құтпанұлы

«Грэмми» сыйлығын жеңіп алған Иманбек Павлодар облысының Ақсу ауданының тумасы. Дәл осы топырақта «Қырық мың қатын қыпшақтан ұл туса да, бірі де Иманжүсіп бола алмайды» деп шырқаған әнші-композитор Иманжүсіп Құтпанұлы дүниеге келген. Оның кең ауқымды әндері Арқада, Жетісуда кең таралған. «Сарымойын», «Бұғалы мен Тағалы», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын» т.б әндері бар.

Жарылғапберді Жұмабайұлы

Жарылғапберді Жұмабайұлы  1851 жылы Павлодар облысы   Баянауыл ауданында туған. Әнші, композитор, ақын. 

Ол шырқаған «Топайкөк» әні ел ішіне кең тараған. Жарылғапбердінің махаббат тақырыбына арналған әндері кезінде көп болған. Халық жадында тек «Шұбартау», «Шама», «Қаракоз», «Ардақ» әндері сақталған.

Жаяу Мұса

Жаяу Мұса Байжанұлы - әнші, ақын, композитор. Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. 

Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін Ақсиса, Хаулау, Шормановқа, Толғау, Бұзау зары, Тұтқын зары, Сүйіндік, туған жер табиғатын суреттейтін Баянауыл, Жаздың күні, Жазда, Ұлытау, Сарын; аңшылық-саятшылық туралы Тұрымтай, Қаршыға, Көгершін, күлдіргі Құлбай, Қазан қыздары, махаббатты жырлайтын Сұрша қыз, Шолпан, Сәулем қыздар, Гауһар қыз, Ләйлім; өмірлік серігі Сапарға арналған Келдім, Сапар, басыңа атты әндері бар. Сондай-ақ ол - лирикалык сипаттағы Қыз күйі, Қыз-бала күйі, Қызқарқара, Қамшылау сияқты күйлердің де авторы. 

Майра Уәлиқызы

Майра Уәлиқызы Шамсутдинова Кереку қаласында дүниеге келген. Ертіс, Толқыма, Қызыл гүл, Ахау аридай әндері әншінің елге тануына септігін тигізді. Ол өзінің өнерін Иса Байзақов, Қали Байжанов және Әміре Қашаубаевпен бірге Баянауыл мен Қоянды жәрмеңкелерінде көрсетті. 

Майра Шамсутдинова қазақ әйелдерінің арасынан бірінші болып актриса атанған. 1926 жылы Керекуде драмалық үйірме ұйымдастырылып, сонда өнер көрсеткен.Бұл үйірме кейінірек драма театрына айналды.

Иса Байзақов

Иса Байзақов қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында туған.  Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсіркен.

Қали Байжанов

Қали Байжанов Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында «әнші бала» атанған. Тіпті, ұлы Абайдың алдында да ән салған. Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама» Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет» әндерімен қоса «Ардақ» и.б. халық әндерін де асқан шеберлікпен орындаған. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан (1936). 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радиокомитетінде хор артисі және әнші болып қызмет атқарды.

Естай Беркімбаев 

Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаев 1874 жылы Павлодар облысы Екібастұз ауданынында туған. Қазақтың атақты әншісі, ақын-композиторы. 1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болды. 

Естай әндері демократиялық сипатқа ие болған сал-серілер дәстүрін шырқау биікке көтеріп, оны ілгері дамытты. Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Хорлан», «Сандуған», «Юран», «Бір мысқал»,«Ану-пынақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнәр», «Қоштасу» әндері қазақ музыкасының інжу-маржаны. Ал классикалық «Қорлан» әні Естайдың есімін аңызға айналдырды.

Кәукен (Әбдірахым) Кенжетаев

Торайғыр көлінің жағалауында «Айман бұлақ» деген жерде туған. Қазақтың опера әншісі, режиссер, актер, драматург, профессор.

Театрда Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Жалбыр» П.И.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» операларында Тарғын, Жалбыр, Бекежан, Семен партияларын орындайды. Ол өзінің концерттік орындаушылық өнерімен белгілі. Репертуарында халық әндері, батыс-европа классиктерінің әндері бар.  

Меруерт Түсіпбаева

Өткен ғасырдың 90-жылдары эстарадаға келген Меруерт Түсіпбаева Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып өскен. 1996 жылы «Қимай сені барамын» атты әнімен толық форматты биік кәсіби деңгейде бейнебаян шығарған бірінші қазақтілді әнші-актриса, бейнебаян сол жылы «Алтын жұлдыз» конкурсында республикалық видеороликтердің ең үздік үштігіне енді.

Скриптонит (Әділ Жәлелов)

Scriptonite лақапатымен танылған Әділ Жәлелов 1990 жылы 3 маусымда Павлодар қаласының маңындағы Ленинский ауылында дүниеге келген 2013 жылы Niman-мен бірге VBVVCTND әніне клип түсіріп интернетте танымал болды. Соның арқасында  Әділ Жәлелов Ресейден шақырту алды. Сөйтіп* танымал лейбл «Газгольдермен» әріптестік құрып, Бастамен бірге жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде Ресейдегі танымал рэпрлердің бірі.

Мария Мудряк 

Мария Мудряк Павлодар қаласында дүниеге келген. 2000 жылы ол Гиннестің рекордтар кітабына планетаның ең жас әншісі ретінде енді. 2007 жылы «Театр» номинациясында «Тарлан» сыйлығына ие болған. Бүгінгі таңда Мудряк Қазақстан, Ресей, Украина, Польша, Италия, Германия, Франция, Швейцария, Испанияның атақты сахналарында өнер көрсетеді.

Иманбек Зейкенов

Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Грэмми» (Grammy) жүлдесін жеңіп алған Иманбек Зейкенов 2000 жылы Павлодар облысы, Ақсу қаласында дүниеге келген.Иманбек ремикс жасауды 17 жасынан бастап қолға алған. Жас жігіт америкалық рэпер Сент-Джонның Roses трекіне ремикс жариялағаннан кейін бүкіл әлемге танымал болды. «Грэмми» сыйлығын да осы ремикс үшін алды. Бейнежазба YouTube-те 100 миллионнан астам қаралған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы