Иманғали Тасмағамбетов қызметінен кетеді

ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов осы аптада өз қызметінен кетеді. 27 қарашада Бішкекте ұйымның жарғылық органдарының отырыстары өтеді, онда жаңа бас хатшының кандидатурасы қаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ҰҚШҰ-ға сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, Қырғызстан тараптың төрағалығымен Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) сессиясы өтеді.

Іс-шараға қатысушылар бірлескен жұмыстың өзекті мәселелерін, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.

ҰҚК сессиясында мүше мемлекеттердің өзекті қауіпсіздік мәселелері бойынша ортақ ұстанымдары көрсетілетін декларация қабылдау, сондай-ақ алдағы үш жылдық кезеңге (2026–2029) ҰҚШҰ бас хатшысының кандидатурасын қарау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2026 жылы Ресей Федерациясының ұйымға төрағалық ету басымдығы жариялануы күтіледі, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) – өңірлік халықаралық ұйым, бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен егемендігін бірлесіп қорғауға бағытталған әскери-саяси одақ. ҰҚШҰ құрамына Армения (2024 жылдан бастап ұйымдағы қатысуы «тоқтатылған»), Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ны 2023 жылғы 1 қаңтардан бері басқарып келеді. Ол бұл қызметке 2022 жылғы қарашада Ереванда қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен тағайындалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы