Имам: Жат ұстаным – дін дұшпандарының іріткісі

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Сан ғасырлар бойы қазақ даласында Ханафи мазхабы дәріптеліп келеді. Ханафи мәзхабының атауының өзі «тура, түзу» деген мағынаны беретіні айтпаса да түсінікті.

Пиғылы жат ағымдардың зияны мен залалы туралы Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің найб имамы Алтынбек Хусайынов айтып берді. Дін маманының сөзіне қарағанда, Ханафи мазхабының негізін құраушы Нұғман ибн Сабит ілім жолында көп шәкірт тәрбиелегендігі соншалық, ұлы имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзхабын ұстанушыларды әлемнің түкпір-түкпірінен табуға болады. Сондықтан ислам ғұламалары имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабитті «ғұламалардың ұстазы» деп атаған.

Ұлы ғұламалардың артынан ілесіп, әсіресе имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабын ұстану – мұсылмандардың басына Алла тағала тарапынан берілген үлкен нығмет. Тура жолды ұстанған адамдар екі дүниеде де бақытты болары сөзсіз. Бұл жолды мойындамау немесе тура жолдан ауытқу, шариғаттан бөліну үлкен қателік болып табылады. Бар нығметті қадірлей алмай, ислам ғұламалары құптамаған өзге бір жолды ұстану үлкен қателік және бұл жат ұстаным елімізге салған дін дұшпандарының іріткісі екендігіне де күмән жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді..» демекші, Ислам шариғаты да бөлінуді құптамайды, - деді найб имам.

Ол елімізде осындай үй ішінен үй тіккен дінбұзарлардың кесірінен жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыздың аз емес екенін де еске салды. Адасқан жастардың ішінде өз қатесін түсініп, өкінгендері де жоқ емес көрінеді. Осыған орай, жат ағымның жетегінде кетпеу үшін елімізде алдын алу, оңалту, түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда.

Құранда Алла әағала «Әл-Имран» сүресінің 103-аяты арқылы мәрхамат қылып айтады: «Барлығың да Алланың желісіне, яғни хақ дініне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер...», дейді. Атам қазақтың: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен...» деген сөзі секілді, бұл жат ағым еліміздің жұдырықтай болып жұмылып бірігер уақытында, бөрі секілді етектен шауып, мемлекетіміздің дамуына нұқсан келтіруде. Сол себепті діни мәселедегі сұрақтарды көшеде көрген кез келген адам немесе интернет желісінен емес, арнайы бекітілген ресми орындардағы арнайы тағайындалған адамдардан сұрауға кеңес беріледі, - деді Алтынбек Хусайынов.

Айта кетерлігі, ресми орындар ол мешіттер болса, ресми адамдар – арнайы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тағайындаған мешіт имамдары мен ұстаздары. Дін қызметкерінің сөзінше, Алла тағала бұл дінді кемел қылды, пәк қылды және қияметке дейін бұл діннің абыройын сақтап ұлылығын түсірмесі анық. Теңіздің толқыны оған түскен қоқысты қалай жағаға шығарып тазалайтын болса, уақыт өте бұл адасушы ағымдарды да Алла тағала Исламнан тазалап отырады.

Оған тарих беттері куә! Тек біз осындай шақта олардың шырмауына ілініп, арбауына түсіп қалмауымыз қажет. Жаратқан иеміз елімізді аман, жұртымызды тыныш қылып, жат ағымның адасушылығынан сақтағай! Ата-бабамыз ұстанып келген хақ жолдан айырмағай, - деді «Кеңесхан қажы» мешітінің найб имамы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы