Имам: Еркіндік деген адамның ойына келгенін істеу керек деген сөз емес
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы күндері елде болып жатқан жағдайға қатысты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов пікір білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тарихтан белгілі, қазақ халқы талай қасірет пен нәубетті бастан кешірді. Ал бейбіт заманда қазір болып жатқан жағдай елімізге сын болып тұр. Ер адам ашуланса сабырға шақыру керек, ал араздасса оларды пәтуаға шақыру қажет дейді. Ымыраға келтіру керек. Имани тұрғыдан айтсақ, Тәуелсіздік ол - Алланың сыйы. Ал оны сақтап қалу әр адамның қолында. Бұны әр мұсылманның білгені абзал. Өздеріңіз білетіндей, 5 қаңтар күні Мемлекет басшысы еліміздің бірнеше өңірінде төтенше жағдай жариялап, қаулы шығарды. Төтенше жағдай 19 қаңтарға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында мешіттер мен басқа құлшылық орындары жұртшылықпен өтетін шараларға шек қойылды. Бұл Президент қабылдаған шешімді орындау мақсатында жүзеге асып отыр, - деді Ерболат Жүсіпов.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ел қамы мен қауіпсіздігі үшін шұғыл шешімдер қабылдап жатыр және оған бағынған абзал.
Мемлекет басшысы бүгінгі халыққа үндеуінде бастысы елдің тыныштығы мен адамның амандығына баса назар аударды. Өкінішке қарай, бұзақылық салдарынан біраз өңірлерде әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар мен адамдардың жеке мүліктері қиратылды. Пайғамбарымыз айтқандай, ешкім адамға зиян келтірмеу керек, жамандық жасауға болмайды. Бұзақылар бұл қағидаттарды аттап кетіп жатыр және Президент демократия мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Еркіндік деген адамның ойына келгенін істеу керек деген сөз емес. Бассыздыққа бару біздің елімізге абырой бермейді және елдігімізге нұқсан келтіреді, - дейді ол.
Сондай-ақ, бас имам қазіргі елдегі жағдай әлем назарында екенін еске салды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ислам ғұламалары мен өкілдері қазақ елі үшін дұға етіп жатыр. Олар қазақстандық студенттердің жақсы жағын айтып, біздің ел үшін алаңдатушылық танытып отыр, - деді мешіт өкілі.