Имам әл-Матуридидің «Таухид кітабы» жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен MUFTYAT баспасынан Әбу Мансұр Имам әл-Матуридидің «Таухид кітабы» жарыққа шықты.
Осыған орай ҚМДБ ғимаратында арнайы басқосу өтіп, оған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи және оның Дін істері жөніндегі кеңесшісі Галип Акын, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы мен бірқатар бөлім басшылары арнайы қатысты.
Бұл кітап – түркі мұсылман өркениеті мен діни танымының қалыптасу тарихындағы ең маңызды дереккөздердің бірі. Халқымыздың мұсылмандық таным-түсінігінің басты ерекшеліктері де осы бастауға барып тіреледі. Ерекше атап өтетіні, бұл кітап араб және түрік тілдеріндегі нұсқаларынан қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр, – деп атап өтті бас мүфти.
Ал Түркия Елшісі Уфук Екиджи Имам әл-Матуридидің Орта Азия аймағында дүниеге келіп, Ислам іліміне айрықша үлес қосқан ғұлама екенін айта келе, құнды кітаптың Қазақ елінен өсіп шығатын дін мамандарының игілігіне айналсын деген тілегін жеткізді.
«Таухид кітабы» ҚМДБ мен Түркия Республикасы Дін істері басқармасының өзара келісім және ынтымақтастығы нәтижесінде дайындалды.
Аталмыш кітапқа ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген. Сондай-ақ кітапты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы және Ғұламалар кеңесі мақұлдаған.