«Имам AI» деген не? Қазақстанның Бас мүфтиі жаңа жоба туралы айтты
Жоба Қазақстанда қалыптасқан ислам дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып әзірленіп жатыр.
Жасанды интеллект діни сұрақтарға жауап бере отырып, діни нормалармен қатар ұлттық дәстүрлерді де ескере ала ма? Қазақстанда мұндай жоба қазірдің өзінде әзірленіп жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Имам AI» жобасын әзірлеуде. Бұл – Қазақстанда қалыптасқан ислам дәстүрі мен мәдени ерекшеліктерге бейімделетін цифрлық сервис. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы аясындағы брифингте Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас мүфтидің айтуынша, Діни басқарма бірнеше жыл бұрын цифрлық даму бағытын қолға алған. Қазір жаңа жобаны жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір біз «Имам AI» жобасын жетілдіріп жатырмыз. Бұл жасанды интеллект негізінде жасалған имам болады. Қазақстанда қалыптасқан ислам бағытына сәйкес сұрақтарға жауап бере алатын қазақы имам болады. Бұл жұмысты біз бастап кеттік, қазір оны одан әрі жетілдіріп жатырмыз, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ол діни салада жасанды интеллектіні қолдану кезінде әр ел мен халықтың ерекшеліктерін ескеру қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ислам – әлемдік дін. Алайда әр халықтың өзіне тән дәстүрі мен мәдени ерекшелігі бар. Бас мүфти бұған жылқы етін тұтынуға қатысты көзқарасты мысал ретінде келтірді.
Әр халықтың өз ерекшелігі бар. Мысалы, жылқы етін жемейтін мұсылман елдері бар. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданған кезде осындай айырмашылықтарды ескеру қажет. Қазақстанның да өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар, оларды назарға алу керек, – деп атап өтті ол.
Жасанды интеллектіні діни салада қолдану мәселесі бүгінгі Хатшылық отырысының негізгі тақырыптарының біріне айналды. Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері жаңа технологияларды қолданудың этикалық қағидаттарын талқылап жатыр.
«Диалог әрқашан пайдалы»
Наурызбай қажы Тағанұлы діни көшбасшылардың тұрақты кездесіп тұруының маңызын да атап өтті.
Диалог пен өзара келісім адамдарға әрдайым пайдалы. Қазақта «Көзден кеткен, көңілден кетеді» деген жақсы сөз бар. Сондықтан үнемі кездесіп, кеңесіп, мәселелерді талқылап отыруымыз қажет. Бұл біздің ел үшін де, бүкіл әлем үшін де маңызды, – деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, Қазақстан көптеген жылдан бері әртүрлі конфессия өкілдерін Астанаға жинап, дінаралық диалогтың өзіндік моделін әлемге көрсетіп келеді.
Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде көптеген мәселе талқыланып, Астана бейбітшілік декларациясы қабылданғанын еске салды. Қазіргі Хатшылық отырысы осы жұмысты жалғастырып, алдағы қадамдарды айқындауы керек.
Жазылмайтын ауруға шалдыққан балаларды қолдау туралы
Бас мүфти жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтары хартиясын талқылауға қатысты пікірін де білдірді. Оның айтуынша, өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға көмек көрсету ислам дінінде ерекше орын алады.
Адам өмірінде түрлі сынақтар болады. Адам әрдайым мейірімділік танытуы керек. Мүмкіндігі бар адам мұқтаж жандарға көмектесуі тиіс. Дініміз қолдауды қажет ететін адамдарға ерекше көңіл бөледі. Оларға көмектесу және жанашырлық таныту – үлкен сауапты іс, – деді ол.
Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мәселенің қаралуын адамгершілік пен адамға деген құрметтің көрінісі деп атап, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзін келтірді.
Еске сала кетейік, 7 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – діни салада жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттары кодексін қарау.