Илон Масктың сөзі халықаралық дауға айналды: Мексика сотқа беруі мүмкін
Президент Клаудия Шейнбаум бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатқанын айтты.
Мексика билігі америкалық миллиардер Илон Масктың Мексика президенті Клаудия Шейнбаумды наркокартельдермен байланысы бар деп айыптаған мәлімдемелерінен кейін оған қарсы сотқа жүгіну мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
22 ақпанда "Халисконың жаңа буыны" (CJNG) картелінің басшысы және елдегі ең көп іздеуде жүрген наркобарон "Эль Менчоның" жойылуынан кейін Мексикадағы зорлық-зомбылықтың күрт күшеюі халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.
Мексикалық БАҚ-тың мәліметінше, Маск америкалық X компаниясына тиесілі әлеуметтік желіде жарияланған 2025 жылғы видеоны пікірлеп, оған қатысты өз ойын жазған. Ол видеода Шейнбаум АҚШ-тың есірткі контрабандасына күдікті кемелерге қарсы жүргізген операцияларын сынға алған. Маск бұл туралы:
Ол жай ғана картель басшылары өзінен естігісі келетін нәрсені айтып отыр, – деп жазған.
Бұған жауап ретінде Шейнбаум күнделікті баспасөз мәслихатында «белгілі бір құқықтық шараларды бастау мүмкіндігін қарастырып жатқанын» мәлімдеді.
Бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатыр. Үкіметті есірткі саудагерлері басқарып отыр деген айыптаулар бұрын да абсурд еді, ал қазір мүлде ақылға қонбайтын деңгейге жетті. Олар өз айыптауларының салмағына өздері шыдай алмай құлап жатыр. Енді тағы не ойлап табарын өздері де білмейді, – деп қосты президент.
Бұған дейін Мексиканың федералдық қауіпсіздік күштері Халиско штатының астанасы Гвадалахарадан шамамен 130 шақырым оңтүстікте орналасқан Тапальпа елді мекенінде "Халисконың жаңа буыны" картеліне қарсы әскери операция жүргізді. Қақтығыс барысында CJNG жетекшісі "Эль Менчоның" жойылғаны мәлім болды.
Операциядан кейін, болжам бойынша қылмыстық топтың қарымта әрекеті ретінде, Халиско штатында және елдің басқа да бірқатар өңірлерінде көптеген жолдар жабылып, көліктер мен коммерциялық нысандар өртелді.
Халиско штатының билігі тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырып, қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатты және қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіпке байланысты «қызыл дабыл» режимін енгізді.
Елдің әртүрлі штаттарында зорлық-зомбылық әрекеттері күшейіп келеді.
"Эль Менчо" жойылғаннан кейін болған зорлық-зомбылық салдарынан 73 адам қаза тапты, олардың ішінде 25 құқық қорғау органдарының қызметкері бар.