Илон Маск Трамптың салық заңын "жиіркенішті" деп атады
Әйгілі Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған "Бір үлкен керемет заңды" жиіркенішті деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Кешіріңіздер, бірақ мен бұдан әрі шыдай алмаймын. Бұл ашықтан-ашық, ішін "шошқа етімен" (pork) толтырған шығындар туралы заң – жиренішті әрі сұмдық. Бұл үшін дауыс бергендерге ұят. Сендер өздеріңнің бұрыс әрекет жасағандарыңды білесіңдер, - деп жазды Маск өзінің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында.
Америкалық ағылшын тілінде "шошқа еті" (pork, pork barrel) деп – саясаткерлердің белгілі бір тар топтардың, бизнесмендердің немесе өз мүддесіне жұмыс істеп, бюджеттен қаражат бөліп беруін білдіреді.
Аталған заң жобасын Трамп пен Ақ үй "Бір үлкен керемет заңды" деп атап отыр. Бұл заң мамырда Өкілдер палатасында қабылданды, ал маусымда оны АҚШ Сенаты мақұлдамақ.
Маск бірнеше твитте бұл заң жобасы АҚШ-тың онсыз да алып бюджет тапшылығын 2,5 триллион долларға дейін ұлғайтып, ел азаматтарының мойнына орасан зор қарыз жүгін артады деп мәлімдеді.
Еске салайық, осыған дейін неміс сарапшылары Трамптың саясатын сынаған болатын.