Илон Маск Трамп әкімшілігінен кететінін айтты

Илон Маск Трамп әкімшілігінен кетіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

АҚШ үкіметінің тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы, миллиардер Илон Маск өз өкілеттігінің аяқталғанын мәлімдеп, президент Дональд Трампқа алғыс айтты.

Мемлекеттік арнайы қызметкер ретіндегі өкілеттігімнің мерзімі аяқталып жатқандықтан, ысырапшыл шығындарды азайтуға мүмкіндік бергені үшін президент Дональд Трампқа алғыс айтқым келеді, — деп жазды ол өзінің X әлеуметтік желісінде.

DOGE миссиясы уақыт өте келе тек күшейе түседі. Өйткені ол мемлекеттік басқарудың барлық саласында өмір сүру салтына айналады, — дейді Маск.

Бұған дейін ол CBS телеарнасына берген сұхбатында Трамптың "үлкен әрі әдемі" салық және бюджет туралы заңынан көңілі қалғанын айтқан еді. Оның пікірінше, бұл заң Масктың шығындарды азайтуға бағытталған әрекеттерін жоққа шығарып, бюджет тапшылығының артуына әкеледі.

Трамп қызметіне кіріскеннен кейін Маск "арнайы мемлекеттік қызметкер" ретінде тағайындалған. Бұл оған жылына 130 күн мемлекет атынан жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 20 қаңтардағы инаугурациядан бастап есептегенде, бұл мерзім мамыр айының соңында аяқталады.

Еске салсақ, бұған дейін Илон Маск саясатқа жұмсалатын қаржылық шығындарды қысқартатынын мәлімдеген еді. Демократтар да Илон Маск 30 мамырға дейін қызметінен кетуі тиіс деген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы