Илон Маск АҚШ-тың келесі президенті кім болатынын болжады

SpaceX және Tesla компанияларының басшысы Илон Маск АҚШ-тың алдағы президенті қазіргі вице-президент Дж. Д. Вэнс болады деп есептейді. Бұл туралы Politico басылымы өз дереккөздеріне сүйене отырып жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басылымның мәліметінше, Маск мұндай ойымен АҚШ үкіметінің (DOGE) тиімділігін арттыру жөніндегі ведомство қызметкерлерімен өткен бейнеконференцияда бөліскен. 2025 жылдың басында ол ведомствоның жұмысына бірнеше ай бойы жетекшілік етіп, қоғамдық негізде ерекше мәртебеге ие мемлекеттік қызметші болған. Осы кезеңде Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың жақын айналасындағы адамдардың бірі саналды.

Politico дерегіне қарағанда, Маск сол құпия кездесуде АҚШ «ұлы 12 жылдық кезеңнің» басында тұр деп мәлімдеген. Яғни ол Трамптың қазіргі төрт жылдық мерзімін және Вэнстің екі ықтимал президенттік кезеңін меңзеген. Маск Вэнспен жақсы қарым-қатынаста екені де атап өтілді.

2028 жылы өтетін келесі президенттік сайлауға қатысты Дж. Д. Вэнс әзірге нақты жоспарларын жариялаған жоқ. Ал қазіргі президент Дональд Трамп Конституцияның 22-түзетулеріне сәйкес үшінші мерзімге түсе алмайды.

Маск сонымен қатар өзін, Трампты және Вэнсті «АҚШ-та қастандық жасалуы мүмкін ең басты нысандардың қатарында» деп санайтынын айтқан.

Bloomberg дерегінше, Масктың байлығы 450 млрд доллардан асады, бұл оны әлемдегі ең бай адамға айналдырады. Америкалық басылымдардың жазуынша, 2025 жылдың басында Трамп пен Маск арасындағы қарым-қатынас бірқатар іскерлік және жеке себептерге байланысты нашарлаған. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін Маск 5 маусымда әлеуметтік желілерде Трампқа қатысты ашық түсініктеме берген, кейін ол өз сөздері үшін өкініш білдірген.

Қыркүйекте екеуі Аризона штатындағы Глендейл қаласында өткен белсенді Чарли Киркке арналған қоштасу рәсімінде қатар отырып, қайта жақындасқандай болған. Ал қазан айының соңында Трамп олардың «жақсы қарым-қатынаста» екенін тағы да растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo/ Richard Drew
Өзгелердің жаңалығы