Ілмекпен тоқу. Астанада ерекше шеберлік сабағы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Ботаникалық саябақта ілмекпен тоқудан шеберлік сабағы өтті.

Кеше, 12 қыркүйекте ілмекпен тоқудың халықаралық күні мерекеленді. Бұл күн 2007 жылдан бастап аталып келеді.

  

Біздің елімізде мұндай шара бар екенін білмейтіндер көп. Тіпті тоқымашылар бар екенін де білмейді. Бізде ешкім тоқымайды, тоқыған күннің өзінде үйдегі үлкен әжелерден басқа ешкім тоқымайды деген түсінік қалыптасып кеткен, - дейді Рахима Мұқышева.

Оның сөзінше, бүгінгі шараның негізгі мақсаты – тоқымамен айналысатын, үйренгісі келетін, қызығушылық танытқан адамдардың басын қосып, оларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, қолдау.

 

Осы ретте іс-шараны «Берген» әлеуметтік шеберханасы Нұр-Сұлтан әкімдігі Мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп өткізіп жатыр.

 

Шеберлік сабағына негізінен бастапқы кезде 15-20 адам жазылған болатын. Оларға арнайы орын дайындадық. Мысалы, төсеніштер, фотозона. Дегенмен, көріп отырғандарыңыздай, адам саны көбейді. Саябақта қыдырып жүрген адамдар таңғалып, қызығып, ортамызға қосылып жатыр. Тіпті осындай шараларды жиі өткізуді сұрап жатыр. Себебі алған әсерлері ерекше болды деп ойлаймын, - деді Рахима.

Сонымен қатар, бүгін елімізде Отбасы күні мерекеленіп жатыр.

 

Бүгін Отбасы күні, соған орай осы екі мерекені бірге атап өтіп жатырмыз. Ең басты мақсатымыз тоқымашы қыздарды ел арасына шығару болды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі әйелдер, көпбалалы аналар бар. Осынау мерекеге бәрі балаларымен келді, - деп атап өтті әлеуметтік кәсіпкер. 


Мәдениет басқармасы кішкентай қонақтарға арнап Қуыршақ театрының әртістерін шақырды. Сондай-ақ филармония әртістері қонақтарға әсем әндерін тарту етті.


Алдымызда Қарттар күні келе жатыр. Соған орай волонтер ретінде 3 мектеп қосылды. Алдағы уақытта мектеп мұғалімдері мен оқушыларымен бірлесіп, тегін шеберлік сыныбын өткіземіз. Сабақта төрт бұрышты тоқымаларды тоқып, Қарттар үйіне атаулы күнге орайластырып сый жасайық деген ойымыз бар, - деді ол.

Айта кетейік, шеберлік сабақтарын ауа райы қолайлы болса, саябақтарды 5-10 адамнан жиналып өткізіп тұрады.

 

«Берген» әлеуметтік шеберханасы құрамында тоқыма қолөнерімен айналысатын мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы аналар бар. Үйде осы кісілер құр отырмай, табыс тапсын деген оймен оларға тоқымаға тапсырыс беріп тұратынын айтты.

 


Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шараға ешқандай қаражат салынбаған. «Берген» шеберханасының атынан жіптер, декорация әкелінді. Олардың бәрін өзіміздің мамандар, яғни мүмкіндігі шектеулі әйелдер, көпбалалы аналар жасады, - деді ол.
 

Қонақтарға шара қызықты өтуі үшін ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелікке сыйлықтар таратылды.

 


Гүлназым есімді көпбалалы ана «осындай іс-шараны көптен күтіп едім, мен де қатысқым келеді» деп қуанып, өз бастамасымен сыйлықтар әкеліп, ойын өткізіп жатыр. Бұл жерде тек қызығушылық танытқандар жиналды. Ешкімді танымаймын. Мен де қатысайын, қандай көмек қажет деп келгендер өте көп, - деді ұйымдастырушы елордада өткен шара кезінде.

Бүгінгі тоқыма мерекесіне кішкентай баладан егде жастағы кісілерге дейін атсалысуда.


Ілмекпен тоқу күнін биыл алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұған дейін соңғы екі жылда Мәдениет басқармасының қолдауымен «Тоқымалар күні халық арасында» деген тақырыпта ауқымды шара өткіздік, - деді тоқымашы Рахима.

Тоқыманы үйрену үшін алдымен адамда қызығушылық, талпыныс болуы керек.

Қолөнер адамға ерекше әсер етеді. Себебі ол стресті жағдайға түспеуге көп көмектеседі. Тоқымамен айналысқан адамның көңіл-күйі әрдайым көтеріңкі болады. Онымен қоса, үйде бос кезінде өзіне киім, балаларға ойыншық тоқып, оны сатуға да мүмкіндік береді, - деп айтты әлеуметтік кәсіпкер.

Бұған дейін тоқымашылар бірігіп, елордада тоқымадан жасалған шырша орнатқан болатын.

Жаңа жылға орай "Бәйтеректің" маңында тоқымадан жасалған шырша орнатылды. Оған қызығушылық танытып, өзіміздің қазақи шырша екенін айтқандар көп болды. Оған қоса шетелдіктер де таңданыстарын жасырмады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Өзгелердің жаңалығы