Ильинкадағы сиырлардың ауруы: Министрлік түсініктеме берді
Сиырлар аяққа тұра алмай, аузынан көбік ағып, мұрындарынан су кеткен.
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы бірнеше ауылда ірі қара малдың ауруы тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда сиырлардың аяққа тұра алмай, аузынан көбік ағып, мұрнынан су кетіп жатқаны айтылған.
Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінен ресми түсініктеме алды.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 13 маусымдағы жағдай бойынша Есіл ауданының Ильинка ауылында ірі қара малдың жекелеген топтарынан стоматиттің алдын ала белгілері анықталған. Ведомство қазіргі уақытта мал өлімі тіркелмегенін хабарлады.
Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық мамандар бірқатар шараларды қолға алды. Бүгінде аулаларды аралау жұмыстары ұйымдастырылып, жануарлар оқшауландырылды. Сонымен қатар күнделікті бақылау жүргізіліп, емдеу-профилактикалық жұмыстар атқарылуда, - деді ведомство.
Мамандар зертханалық зерттеу жүргізу үшін биоматериал үлгілерін де алған. Министрліктің хабарлауынша, емдеу шараларынан кейін ауырған малдың жағдайы жақсарып, клиникалық сауығу белгілері байқалған.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта жаңа ауру жағдайлары тіркелмеген. Сондай-ақ аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті ветеринариялық-санитарлық іс-шаралар жалғасып жатыр.