Іле-Балқаш өңіріндегі орманды қалпына келтіру тәжірибесі әлемге таныстырылды
Жоба тек ағаш отырғызумен шектелмейді.
Қазақстанның Іле өзені атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тоғайлы ормандарды қалпына келтіру тәжірибесі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жариялаған «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілді.
Қазақстандық жоба әлемнің әртүрлі елдерінен іріктелген ормандар мен табиғи ландшафтарды қалпына келтірудің 18 нәтижелі тәжірибесінің бірі ретінде ұсынылды.
Жоба тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Оның аясында тұранғының генетикалық қорын сақтау, тұқым жинау, көшеттерді ғылыми әдістермен көбейту және табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар 100 мың тұранғы тұқымын сақтауға арналған криобанк құру жұмыстары қолға алынған. Бұл бастама өсімдік түрінің генетикалық қорын ұзақ мерзімге сақтауға бағытталған.
Тоғайлы ормандарды қалпына келтіру биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді
Іле-Балқаш өңіріндегі тоғайлы ормандар көптеген жабайы жануарлардың табиғи мекені саналады. Бұл аумақты қалпына келтіру биоалуантүрлілікті сақтауға, экожүйенің тұрақтылығын нығайтуға және Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бағдарламасына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба бірнеше жылдан бері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қатысуымен, Дүниежүзілік табиғатты қорғау қорының (WWF) және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жұмысқа ғылыми ұйымдар мен жергілікті қауымдастықтар да атсалысуда.
Қазақстан тәжірибесінің халықаралық баяндамаға енгізілуі орман экожүйелерін қалпына келтіру бағытындағы ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді.