Іле Алатауы шыңында биік аспалы көпір ашылды

Іле Алатауы шыңында биік аспалы көпір ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Almaty.tv. арнасы жазды.

Ұзындығы 50 метр, теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан аталған құрылым Іле-Алатауы ұлттық паркінің танымал бағыттарын жаңғыртуға арналған жоба аясында бой көтерді. Көпірмен жалғасқан 13,5 шақырымдық жаңа соқпақ жаяу серуендеуді жаны сүйетін жандар үшін сапарды едәуір жеңілдетеді. Тағы бір жаңашылдық – туристерге автоматтандырылған төлем жүйесі іске қосылып, келушілердің сапарын жеңілдететін жаңа тәртіп орнады.

Биыл Іле-Алатауы ұлттық паркіне жарты миллионнан астам адам табан тіреп, таза ауамен тыныстап, табиғат аясында тынығуды таңдаған. Келушілер қатары артқан сайын олардың сапарын жеңілдетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі де күшейді. Осы мақсатта биыл парк аумағында автоматтандырылған төлем жүйесі енгізілді. Енді қақпаға жақындаған көліктің мемлекеттік нөмірі автоматты түрде оқылып, төлем мөлшері жүйе арқылы бірден шығады. Жаңа тариф бойынша жеңіл көлік үшін – 1179 теңге, 16 орындық көліктерге – 5100 теңге, ал жаяу келгендерге – 589 теңге болып бекітілді. Мамандар бұл жаңашылдық ұзын-сонар кезекті азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Автоматтандырудың басты мақсаты – төлемдері онлайн ауыстыру. Алдын ала төлеу мүмкіндігін жасау. Алма-арасан, Бұтақты шатқалы, Түрген, Қаскелең шатқалында орнатылды, – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев.

Биыл паркке ат басын тірегендер өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға көбейген. Қонақтар көбінде табиғаты көркем Алма-Арасан шатқалы мен Үлкен Алматы көліне аялдайды. Тұмса табиғат, саф ауа мен алуан түрлі өсімдігі бар мекеннің танымал бағыттарын абаттандыруға арналған жоба қазір қарқынды жүріп жатыр. 2019 жылдан бері 27 шақырым соқпақ ретке келтіріліп, бес жаңа бағыт ашылды. Жаяу серуендейтіндерге тынығатын орындар жасалып, ескі жолдар қайта жаңғырды. Әсіресе, теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 50 метр Алёшкин көпірі ерекше көз тартады.

Ұлттық табиғи парктің ең үлкен бренді – жаяу жүргіншілер. Бұрынғы уақытта 10-15% жаяу жүрсе. Қазіргі уақытта 30-40% көбнйді. Алматы қаласынан, Алматы облысынан жаяу жүргіншілер шыңдарымызға шығып, сайларды көріп, туристік бағыттарда өтеді. Соған байланысты біздің БиАй группен және Алматы қаласа туризм басқарамымен үлкен жобаларымыз бар. Негізгі көп туристер келетін шатқалдарды жасаалып жатыр, – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.

Аптап ыстықта ұлттық парк аумағында өрт қауіпінің ең жоғары деңгейі тіркелген еді. Сондықтан биыл мұнда бес өрт сөндіру стансасы ашылып, арнайы техникамен жабдықталды. Сондай-ақ 25 шақырымдық жол жөнделіп, 78 шақырым алқаптың шөбі шабылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Уикипедия
Өзгелердің жаңалығы