Іле Алатау ұлттық паркінде тұңғыш визит-орталық таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы «Іле Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі алғашқы визит-орталық жұмысын бастады.
Аюсай шатқалында орналасқан орталық келушілерге ұлттық парк жайлы толық ақпарат ұсынатын, білім берумен және ағарту жұмысымен айналысатын кешенге айналмақ.
Бүгін оны таныстыру шарасына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков, қоғам белсенділері, ұлттық паркте экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жалпы Іле Алатауға 2019 жылы 300 мыңға жуық адам келді. Әрине, былтыр пандемияға байланысты туристер аздау болды. Инфрақұрылымды дұрыстау арқылы осы туристер ағынын реттеу керек. Ал визит-орталықтың салынуы экологиялық туризмді өркендетіп, табиғат ескерткіштері туралы ақпарат беріп, дұрыс бағыт сілтеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға мүмкіндік ашады. Флора мен фауна туралы туралы балаларға көбірек түсіндіруге, сабақтар өткізуге мүмкіндік туып отыр, - деді нысанның маңыздылығы туралы «Іле Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бас директоры Дамир Малгелдиев.
Визит-орталықтың модулі экологиялық материалдардан – отандық ағаш конструкциядан жасалған. Ғимараттың негізіне бетон құйылмай, оның орнына металл байлауы бар геобұрандалардан қойылды. Жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындаған. Ғимарат Аюсай шатқалының ландшафтына үйлесіп тұр. Визит-орталық WI-FI интернет желісіне қосылған.
«Аюсай» визит-орталығы үш модульден тұрады. Әр модуль шамамен 200 шаршы метрден тұрады. Ғимарат толығымен ағаштан және әйнектен тұрғызылды. Америкалық технологияны қолдана отырып, жеңіл конструкция түрінде құрастырдық. Іле Алатаудағы экотуризмді дамыту жобасы аясында тағы да 4 шатқалда 6 визит-орталық салынбақ. Осы жылы үшеуін Үлкен Алматы көлін маңында, Бутаковкада және Түрген шатқалында тұрғызуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті «Turanga Group» компаниясының басшысы Александр Гужавин.
Аюсай шатқалына инфрақұрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлттық университетімен және Зоология институтымен бірлесіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған. Әзірге техникалық режимде жұмыс істеп тұрған визит-орталық қаңтар айынан басынан бері 300-ге жуық адам қабылдап үлгерді.
Шатқалда қоршаған ортаға зиян келтірмей әрі қауіпсіз демалудың негіздерін түсіндіру үшін «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебі жұмыс істеп жатыр. Онда волонтерлер мен кәсіби альпинистер тегін лекциялар жүргізеді. Визит-орталық ішінде экологиялық сабақтар үшін арнайы зал да ашылды.
Визит-орталық қызметінің негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экотуризмді орнықты дамыту идеясы туралы мәлімдемесі жатыр. Себебі оның салынуын парк аумағында эко-туризмді өркендетуге бағытталған инфрақұрылымның алғашқы баспалдағы деп атауға болады. Жалпы «Turanga Group» экотуризмді дамыту жобасы аясында төрт жыл ішінде 155 км жаяу жүру соқпағы жөнделіп, 17 жаңа жаяу және велосипед жолдары ашылмақ. Бұдан бөлек 10 глэмпинг, 2 кемпинг, 1 этноауыл мен 1 караванинг тұрғызылады.
Осы тәжірибені пайдалана отырып, Алматы облысындағы өзге де ұлттық парктерде визит-орталықтар тұрғызу жоспары бар.