Ильин өндірістік объектілердегі апаттардың негізгі себептерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қауіпті өндірістік объектілерге жүргізілетін тексеру жұмыстарының барысы туралы айтып берді.

Министрлік 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтитын 9 157 өнеркәсіптік кәсіпорынға мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады. Қадағалау қауіпті өндірістік объектілердің және қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы арқылы қызметкер мен халыққа қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған тексерулерді жүргізеді, - деді ол.

Айтуынша, осы жылдың 5 айында ерекше тәртіп бойынша 418 және жоспардан тыс 271 тексеру жүргізілді.

Тексеру нәтижелері бойынша 12 777 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталды, 70 млн теңгеден астам сомаға 505 әкімшілік айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 224 объект тоқтатылды, - деді Ильин.

Министр атап өткендей, бизнес үшін талаптарды қысқарту жөніндегі шаралар және қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейін төмендетуге және соның салдарынан авариялылық пен онымен байланысты жарақаттанудың өсуіне алғышарттар жасады.

Соңғы жылдары қауіпті өндірістік объектілерде авариялардың орта есеппен 15%-ға өсуі байқалады. Талдау көрсеткендей, өндірісте техногендік авариялардың пайда болу қаупі бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Биылғы жылы еліміздің қауіпті өндірістік объектілерінде 11 авария және 146 оқиға тіркелді. Апат салдарынан 5 адам зардап шекті, - деп атап өтті ТЖМ басшысы.

Ол Үкіметте қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың негізгі себептерін атады:

- жобалық шешімдерден ауытқи отырып, жұмыс өндірісін жүргізу бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берілген;

- пайдаланылатын жабдықтың жоғары моральдық және физикалық тозуы;

- жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі.

Юрий Ильиннің сөзінше, бұзушылықтарды қысқарту мақсатында тексеру қорытындылары бойынша инспекторлар жедел ден қою шараларын қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, нұсқамалар жасалады, сондай-ақ аварияларды тергеп-тексеру жүргізіледі.

Ескірген, моральдық және табиғи тозған жабдықтарды пайдаланудан біртіндеп шығару бөлігіндегі мәселелерді шешу мақсатында қадағалаудағы кәсіпорындармен бірлесіп, жыл сайын қауіпті өндірістік объектіні техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленеді, оның шеңберінде биылғы жылға 2 196 жабдықты ауыстыру жоспарланған. Өндірістік және еңбек тәртібін арттыру мақсатында инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - деп айтты министр.

Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы