iKOMEK "жауапсыз қалған 6,5 мың өтінішке" қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. iKOMEK қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жауапсыз қалдырылды делінген 6,5 мың өтініш туралы жаңалыққа қатысты жауап берді.
iKOMEK жауапсыз қалдырды делінген 6,5 мың өтініш туралы ақпараттық агенттіктер таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Күнделікті iKOMEK 10 000-нан астам өтініш қабылдайды, тәулігіне орта есеппен 5 мыңнан 7 мыңға дейін өтініш атқарылады. Ағымдағы жылдың бір жарым айы ішінде 420 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде бүгінгі таңда 96% атқарылды, қалған 4% атқарылу үстінде, олар бойынша жауап өтініш берушілерге міндетті түрде ұсынылады. Әрбір өтініш бақыланып, коммуналдық қызметтер, әкімдік басқармалары мен басқа қала ұйымдары тарапынан регламентке сәйкес атқарылады, - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына қала тұрғындары беретін әрбір өтініш ақпараттық жүйеде тіркеліп, мәселе толықтай шешілгенше бақылауда ұсталады, бұл жөнінде өтініш беруші хабардар етіледі.
Сонымен қатар, "Еуразия бірінші арнасының" эфирінде айтылған жауапсыз қалған 6,5 мың өтініш туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Біз БАҚ өкілдерімен тек сенімді және тексерілген ақпаратпен бөлісеміз. Осыған байланысты БАҚ өкілдерінен сенімсіз ақпарат таратпауды сұраймыз. Мұнымен қоса, сюжеттің шығарылымына жауапты тұлғаларға бұдан былай тілшіден алынған ақпаратты тексеріп алуға кеңес береміз, - дейді iKOMEK орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.