iKOMEK орталығына 1,5 млн-ға жуық өтініш түскен
Бұл жайлы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «iKOMEK109» «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» ШЖҚ МКК басшысы Асқар Тақсымов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«iKOMEK109» бірыңғай байланыс орталығы емес, әртүрлі қызмет түрін ұсынатын толыққанды қалалық орталық болып есептеледі. Қазіргі уақытта орталықта бірнеше департамент жұмыс істейді. Орталыққа түрлі мәселелермен күнделікті 7 000-нан 29 000-ға дейін өтініш келіп түседі.
iKOMEK орталығына қала аумағында, оның ішінде балабақшаларда, мектептерде, емханалар мен басқа да объектілерде орналасқан 10 000-ға жуық бейнебақылау камерасы қосылған. Камералар негізінен СОО, мешіттер, ірі автобус аялдамалары, вокзалдар сияқты адамдар көп жиналатын орындарды қамтиды,- дейді Асқар Тақсымов.
Сондай-ақ, орталықта қауіпсіздік мақсатында Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері де жұмыс атқарады.
2023 жылдың басынан бері 12 795 құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, әкімшілік құқықбұзушылықтардың толтырылған хаттамалары бойынша бюджетке 37 087 500 теңге айыппұл аударылды. 2023 жылдың басынан бері 14 қылмыстың ашылуына ықпал етті,- дейді спикер.