ИКАО Президенті Қазақстанға келеді
ИКАО Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанға келуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Доминикан Республикасында өткен ICAO Global implementation Support Symposium 2024 жаһандық саммиті аясында көлік вице-министрі Талғат Ластаев Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Президенті Сальваторе Шаккитаномен және ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен келіссөздер жүргізді
Кездесу барысында ICAO Президентінің жылдың соңына дейін Қазақстанға ресми сапары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ ICAO Assistance, Capacity building and Training for Sustainable Aviation Fuels (ACT-SAF) Programme бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен ICAO арасындағы келісімге қол қою мәселелері пысықталды.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ICAO Ministerial Roundtable мүше елдердің авиациялық ведомстволары басшыларының отырысында Қазақстанның авиациясын дамыту тақырыбында баяндама жасады. Саммитке ИКАО-ға мүше елдерден келген министрлер мен вице-министрлер қатысты.
Саммит аясында АҚШ-қа тікелей рейстер мәселелері бойынша Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) өкілі Дебора Стивенсонмен, Катар авиация билігінің президенті Мохамед Фалех Альхадримен Орталық Азия және Катар авиация билігі басшыларының кеңесін өткізу бойынша келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ Канаданың Көлік министрінің орынбасары Николас Робертсонмен, Сингапурдың Көлік министрінің Бас кеңесшісі – орынбасары Яп Онг Хенгпен, БАӘ авиация билігінің Бас директоры Саиф Аль Суайбимен, IATA аға вице-президенті Мари Томсонмен, Бразилияның азаматтық авиация ұлттық агенттігінің (ANAC) Президенті Тиага Соуза Перьерамен кездесулер өтті.