ІІМ жүк тасымалындағы алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті
Олар WhatsApp арқылы байланысып, өздерін жүргізуші, жүк иесі немесе тасымалды ұйымдастырушы ретінде таныстырады.
Ішкі істер министрлігі логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілері жиілегенін ескертті.
Polisia.kz мәліметінше, қаскөйлер көбіне «Della» және «Fa-Fa.kz» сервистерін пайдаланып, тасымалдаушылар мен тапсырыс берушілердің сеніміне кіреді. Олар WhatsApp арқылы байланысып, өздерін жүргізуші, жүк иесі немесе тасымалды ұйымдастырушы ретінде таныстырады.
Тараптар келісімге келгеннен кейін алаяқтар жолда автокөлік немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, заңсыз иемденеді.
Осындай жағдайлардың бірі Алматыда тіркелген. Қала тұрғыны полицияға құны 60 миллион теңге болатын автокөлігінің алаяқтық жолмен ұрланғаны туралы арызданған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде көлік табылып, иесіне қайтарылды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда:
- жүргізушінің жеке басын және көлік құжаттарын мұқият тексеру;
- байланыс нөмірлерінің сәйкестігіне көз жеткізу;
- тасымал бағыты мен жеткізу мекенжайын алдын ала нақтылау;
- интернеттегі пікірлер мен ақпараттарды зерделеу.
Құжаттарда күмәнді жайттар анықталған жағдайда полицияға немесе 102 нөміріне дереу хабарласу ұсынылады.