ІІМ: Шетелден әкелінген 196 мың автокөлік заңдастырылды
Елімізде 196 мың автокөлік заңдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
ІІМ басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, 23 қаңтардан бастап елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүргізілді. 1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылды. Осы кезеңде 196 мың автокөлік заңдастырылды. Сондай-ақ қазақстандық есепке 12 мыңнан астам консруктор-автокөлік қойылды. 1 шілдеге дейін өтінім берген барлық азаматтарға автокөліктерді заңдастыруғақойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктерді заңдастыру құқығы беріледі, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге тоқталды.
Аталған автокөліктердің иелеріне оларды кері әкету немесе егер басқа елдегі бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылатын болса, Қазақстанда кейіннен бастапқы тіркеу туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге Қазақстанда уақытша есепке қою құқығы берілетін болады. Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалары көрсетіледі. Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылатын болады, - деп түсіндірді Шұғыла Тұрлыбек.
Егер Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуді шешсе, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылады. Егер автокөліктер бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылса және Қазақстан азаматтары оларды Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, утиль алым алмай-ақ оларға 200 000 теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төлей отырып, заңдастыру шарттары қолданылады.