ІІМ: Шетелде Қазақстаннан қашқан бірнеше қылмыскер ұсталды

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық Орталық бюросының қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп өткен аптада шет мемлекеттердің аумағында халықаралық іздеуде жүрген бірқатар қылмыскерлерді ұстады. Германияның Унтершлайсхайм қаласында Telegram қосымшасы арқылы психотроптық заттарды өткізгені үшін іздеуде жүрген 22 жастағы қазақстандық ұсталды. Владивосток қаласында Шымкентте жасаған ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттері үшін іздеуде жүрген 36 жастағы қазақстандық қолға түсті, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек

Айтуынша, Ресейде ұсталған алаяқ автокөлік сатып алушыларға өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, олардың көліктері іздеуде жүргенін айтып алдаған. Мәселені шешу үшін адамдардан ақша алып, кейіннен жасырынып отырған.

Испанияда трансұлттық қылмыстық ұйымның құрамында Questra holdings, Questra World, Atlantic Global Asset ЖШС қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін Астана полиция департаменті іздеу жариялаған жүрген Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы ұсталды. Чехия астанасы Прагада Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық Орталық бюросының сұрауы бойынша ШҚО Экономикалық қылмыстар департаментімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген «АЗИЯ АВТО – БИПЭК АВТО» компаниялар тобы басшыларының бірі қолға түсті. Қазіргі уақытта барлық фигуранттар қамауда, оларды Қазақстанға жеткізу туралы мәселе шешіліп жатыр, - деді ІІМ өкілі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы