ІІМ: Сапалы фото, видеоның көмегімен қылмысты оңай ашатын зертхана пайда болды

Елімізде заманауи инновациялық дамуына байланысты полиция қызметкерлеріне қылмыстарды ашуға жаңа мүмкіндіктер пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ІІМ Жедел криминалистикалық департаментінің аға криминалисі Өмірсерік Стамбеков ведомствода өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасының аясында жедел-криминалистикалық бөліністердің қызметіне бұрын ІІМ-де жүргізілмеген компьютерлік-техникалық зерттеулер мен жеке басты биометриялық сәйкестендірудің заманауи жүйесін енгізіп жатыр. Digital Crime Lab – дәлелдемелерді талдауға арналған заманауи цифрлық криминалистикалық зертхана. Цифрлық іздерді пайдаланумен қылмыстарды тергеп-тексеруде мамандандырылады, - деп атап өтті департаменттің аға криминалисі.

Айтуынша, зертхана криминалистері екі бағытта жұмыс істейді.

Олар: компьютерлік-техникалық зерттеулерді жүргізу және адамдарды сәйкестендіру жүйесі. Компьютерлік-техникалық зерттеулердің мақсатына компьютерлік құралдарды, ақпаратты электрондық тасымалдағыштарды, бағдарламалық қамтылымды, байланыс құралдарын және мобильдік телефондар, планшеттер, органайзерлер сынды арнайы құрылғыларды, ақпаратты автоматтық өңдеу құрылғыларын және телекоммуникациялық құрал-жабдықты зерттеу арқылы деректерді алу жатады, - деп түсіндірді Өмірсерік Стамбеков.

Осылайша, криминалистикалық цифрлық зертхана қысқа мерзімде күдікті адамдарды анықтауға жол ашады деп күтілуде.

Құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған адамдарды анықтауға, құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру кезінде дәлелдемелік базаны бекітуге мүмкіндік береді. Құқық бұзушылық үшін жазаны бұлтартпау қағидатын қамтамасыз етеді, бұл – құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алудың үздік тәсілі. Еліміздегі азаматтардың қауіпсіздігін арттырады және халықтың полицияға сенімінің деңгейін көтереді, - дейді маман.

Белгілі болғандай, егер сапалы фото, бейнематериалдар ұсынылса, құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау оңайға түседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ Архив
Өзгелердің жаңалығы