ІІМ құрылымдық күштері мен әскери қызметкерлерінің қайсарлығы үшін алғыс айтамын – Тоқаев
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Президент террорлық акті кезінде қызмет еткен Ішкі істер министрлігінің құрылымдық күштері мен әскери қызметкерлерінің қайсарлығы үшін алғыс айтты.
Мемлекеттік төңкеріс пен халықтың біртұтастығына шабуыл жасау орындалмады. Біз бірыңғай ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын сақтап қалдық. Жақын арада олар қалпына келтіріліп, одан бетер гүлдене түседі. Енді бұл менің тікелей мақсатым. Үкіметтің де жауапкершілігіне жатады. Осы сәтті пайдаланып террорлық актіге куә болған қала тұрғындарына көңіл айтамын. Бүгінде қаралы күндер артта қалған кезде Ішкі істер министрлігінің құрылымдық күштері мен әскери қызметкерлерінің қайсарлығы үшін алғыс айтқым келеді, - деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілері мен қарапайым азаматтардың отбасыларына көмек көрсету мемлекеттің қасиетті борышы екенін айтты.
Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз қызметі мен борышына салғырттықпен қараған қызметкерлер туралы да айтты.
Кейбір қалаларда Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері сол жерде болған әскери жасаққа қарамастан қызметтік ғимараттардан қажетті құжаттарды тастап кетіп қалған, - деді Президент.