ІІМ Қостанай академиясының экс-бастығы жаңа қызметке ауысты
Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шәкиев Қарағанды облыстық сотының судьялары мен қызметкерлеріне Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің жаңа басшысы Мирлан Қызыловты таныстырды.
Іс-шараға Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов қатысты. Жантемір Шәкиев Мирлан Қызыловтың ішкі істер органдарындағы бай кәсіби тәжірибесін, білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін атап өтті.
Спикер департаменттің жаңа басшысына бірқатар міндет қойып, оның облыс соттарының жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыруға бар күш-жігерін салатынына сенім білдірді.
Мирлан Қызылов 1968 жылы Қарағанды облысында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Полиция генерал-майоры. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор.
Ол бұған дейін ішкі істер органдарында түрлі лауазымдарды атқарған, ІІМ Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы бастығының орынбасары, ІІМ Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы болған.