ІІМ пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жолдады
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде пранк және экстремалды видеолардың көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі алаңдаушылық білдіріп, ел азаматтарына ресми үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, көптеген контент авторлары лайк пен қаралым үшін адам өміріне қауіп төндіретін, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге баруда.
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері осындай мазмұндағы видеолар бойынша 24 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мысалы, Астанада блогерлер тұрғындар пайдаланатын лифт ішінде "мәйіт" бейнесін жасап, балтамен шабуылдағандай көрініс түсірген. Бұл әрекет жолаушылардың үрейін туғызып, қоғамда дүрбелең тудырған. Қатысушылар 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынған.
Ал Алматы облысында экстремалды трюк жасағысы келген жас жігіт келе жатқан көліктің үстіне секірмек болып, салдарынан ауыр жарақат алып, қаза тапты. Бұл бір ғана мысал, алайда оның арты орны толмас қайғымен аяқталды.
Өкінішке қарай, "лайк пен қаралым үшін жарыс" әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шеңберінен шығып кетті. Авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр, - дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Оның айтуынша, қоғамды дүрліктіретін, адамдардың ар-намысына тиетін және қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттер үшін заңда әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік көзделген.
Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер – бұл өнер емес, бұл – заң бұзушылық, – деді Алекешев.
Жастар мен контент авторларын дұрыс бағытқа бұру, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту – Ішкі істер министрлігінің басты мақсатының бірі. Ведомство өкілдері пранк немесе хайп жасау үшін адам өміріне, моральдық жағдайына қауіп төндіру ешқашан ерлік немесе креатив болмайтынын ескертеді.