ІІМ полицияның моральдық рухын қалай көтереді?
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан полицияның моральдық рухын қалай көтеретінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаңтар оқиғалары кейбір полиция қызметкерлерінің қиын жағдайларда заңға және лауазымдық нұсқауларға сәйкес емес, өз сенімдеріне қарай әрекет еткендерін көрсетті. Біреулер өз борышын адал атқарып, өмірін құрбан етсе, ал кейбіреулер жұмыс орнын тастап кетеді. Осыған қарағанда құқық қорғау органдарындағы идеялогиялық жұмыстардың кемшілігі бар екенін байқауға болады. Қаңтар оқиғалары кезінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің талдау нәтижелері бойынша ІІМ қандай қорытынды жасады? Сіз (Марат Ахметжанов – ред.) полиция қызметкерлерінің жұмысқа қабылдау тәртібі кезінде нені өзгерткіңіз келеді? Қызметкерлерді даярлау жүйесінде не өзгереді? Қызметкерлердің моральдық рухын қалай көтересіздер? Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік құрылымдардың іс-әрекеті туралы нормативтік актілерге қандай өзгерістерді енгізу қажет деп ойлайсыз? – деп сұрады депутат ІІМ басшысынан.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғаларының қорытындысы бойынша талдау жасалынғанын атап өтті.
Қандай кемшіліктер болды, олардың себебі неде екенін жан-жақты қарадық. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бюрократиядан арылу мәселесі бойынша біраз жұмыс атқардық. Оның ішінде жауапкершілікті көтеру, әсіресе басшылардың, құқықтық нормативтік актілер, жаңа атағандай, қару қолданудың өзін біраз сатылар бойынша келісіп, рұқсат алуымыз керек. Сондықтан заңның нормалары бола тұра сондай бюрократиялық бұйрықтар, құқықтық-нормативтік актілер бар. Соның барлығын өзгертуді бастадық. Әр орган бір-бірін қайталамай, өз міндетін дұрыс орындаған кезде тәртіп болатынына сенеміз. Өйткені полицияның басты міндеті - қоғамдық тәртіпті, адамдардың қауіпсіздігін сақтау. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы кезінде стратегиялық нысандарды күзету мәселесі және т.б. мәселелер полицияға жүктелді. Алайда олар қамалып қалған кезде өздерінің міндеттерін толық атқара алмай қалды. Енді оның алгоритмдері өзгертілді, - деп жауап берді ІІМ басшысы.
Сөзінше, 2022 жылы «Төтенше жағдай туралы» заңға енгізілген түзетулерді ескере отырып, дағдарыс жағдайында ден қою тәсілдері қаралды.
Ең бастысы – қызметкерлердің жауынгерлік, моральдық рухы. Соны көтеруіміз керек. Көтерген бастамаларымыз өкінішке қарай, біраз жылдан бойы полицияның жалақысы басқа құқық қорғау және арнайы, қадағалау органдарына қарағанда екі есе төмен болды. Сол себепті тұрақты, кәсіби деңгейі, адамгершілігі мол, заман талабына сай азаматтарды тартуға бәсекелес болған жоқ. Қазір Президенттің қолдауымен 1 қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді. Кезектен тыс жұмысқа шыққандарға қосымша төлемақы беріледі, - деп түсіндірді Марат Ахметжанов Мәжілісте.