ІІМ: Он күн ішінде іздеуде жүрген 71 адам ұсталды

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шараның басты мақсаты - елімізде «Заң мен Тәртіп қағидатын» қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу. Іс-шараға 14 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жұмылдырылған.

Іс-шара нәтижесінде 10 күн ішінде іздеуде жүрген 71 адам ұсталып, белгіленген тұрғылықты жеріне келмеген 24 сотталған азамат анықталды. Арнайы қабылдау-тарату орнына 661 адам орналастырылды. Олардың арасында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, құжаттары жоқ шетелдіктер бар. Рейдтік іс-шаралар барысында: тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен алып жүрудің 362 фактісі анықталды, 92 келі есірткі, 35 атыс қаруы және 161 суық қару тәркіленді, - деді ол.

Сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын жеткізді. 

Жол қозғалысын қадағалау кезінде жылдамдық режимін сақтамаудың 22 мың фактісі, қарсы жолаққа шығудың 337 фактісі тіркелді. Автокөлікті мас күйде басқарған 437 жүргізуші ұсталды. Оның 16-ы есірткілік масаң күйде болған. Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік тізгіндеген 267 адам анықталды. Бейнебақылау камераларының көмегімен 125 қылмыстың жолы кесілді, - деді маман.

Жалпы, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде 61 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 18 мың адам жауапқа тартылды. Уақытша бейімдеу орталықтары мен медициналық айықтырғыштарға 5 мың адам жеткізіліп, көшеде және ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта болған 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала анықталды. Олардың ата-аналарына қатаң ескерту жасалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы