ІІМ: Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша іс ерекше бақылауға алынды
Шымкентте Нұрай Серікбай ісі бойынша қызды ұрлау және оны некеге мәжбүрлеуге қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында құқықтық баға тек аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне ғана емес, полиция департаментінің басшылығына да беріледі. Бұл туралы Сенат кулуарында Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалуы қызметтік міндеттері шеңберінде жәбірленуші жүгінген кезде қылмыстық істі уақытында тіркеу үшін тиісті шаралар қабылдамаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды көздейді.
Салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалуы, ең алдымен, өздерінің қызметтік міндеттеріне сай жәбірленуші некеге мәжбүрлеу дерегімен жүгінген кезде қылмыстық істі тіркеу бойынша шара қабылдамаған лауазымды тұлғаларды жауапкершілік аясына тартуды қарастырады, – деді Санжар Әділов.
Ол алдымен аудандық полиция басқармасының лауазымды қызметкерлері туралы сөз болып отырғанын нақтылады. Сонымен қатар мәлімдеуінше, ішкі істер органдары жүйесінде тәулік бойы жұмыс істейтін және бағынысты бөлімшелердің әрекеттеріне бақылау жасап, тексеру жүргізуге міндетті полиция департаменттерінің жауапты қызметкерлері бар.
Қылмыстық істі тергеу аясында полиция департаментінің басшылығына да міндетті түрде құқықтық баға беріледі, – деп атап өтті министрдің орынбасары.
Еске салайық, Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.