Бүгiн 2026, 14:32 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Назарбаев университеті маңынан табылған қаруға қатысты жаңа мәлімет жарияланды

Сараптама нәтижесі келесі аптада шығады.

Назарбаев университеті маңындағы пәтерден қару-жарақ табылуына қатысты тағайындалған кешенді сараптаманың нәтижесі келесі аптаның басында белгілі болады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Аталған пәтер бойынша кешенді сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сараптама жүргізіліп жатыр. Келесі аптаның басында нәтижесін аламыз деп отырмыз. Одан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады,- деді Әділов.

Министрдің орынбасары бұған дейін айтылған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, пәтерде тұрған азаматтардың Назарбаев университетінің оқытушылары болмағанын айтты.

Олар Назарбаев университетінің оқытушылары емес. Бұл жалға берілген пәтер болған. Қазір тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Сондай-ақ ІІМ өкілі іс бойынша сөз болған Украина азаматтарына қатысты әзірге ешқандай мәжбүрлеу шаралары қолданылмағанын атап өтті.

Оларға қатысты ешқандай мәжбүрлеу шаралары қабылданған жоқ. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олар тергеу органдарымен байланыста, – деді министрдің орынбасары.