ІІМ комитет төрағасы Данияр Мейірхан тексеріс кезінде қызметінен шеттетілді
Әлеуметтік желілерде аталған лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ оған 20-ға жуық бағынышты қызметкердің ұжымдық шағым түсіргені айтылуда.
Астанада ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты тексеріс басталып, ол қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік желілерде аталған лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ оған 20-ға жуық бағынышты қызметкердің ұжымдық шағым түсіргені айтылуда.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, бірқатар қызметкерлердің өтініштері негізінде материал заңнамаға сәйкес тіркелген.
Тексеру жүргізу кезеңінде аталған тұлға қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетілді, - деп хабарлады ІІМ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеріс жұмыстары жалғасып жатыр.
Данияр Мейірхан Мейрханұлы – полиция полковнигі. Ол әр жылдары құқық қорғау органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Атап айтқанда, 2012-2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде бөлім басшысынан бастап басқарма басшысына дейінгі лауазымдарда жұмыс істеген.
2023-2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясында басшылық қызметтер атқарып, оқу орны басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, ал сол жылдың желтоқсанынан бастап осы комитет төрағасының міндетін атқарушы болды. 2025 жылдың қыркүйегінде аталған комитеттің төрағасы болып тағайындалған.
Оқиғаға байланысты ресми тергеу жалғасуда.
Бұған дейін Атырауда арнайы мақсаттағы жасақ – СОБР қызметкерлері командирлердің әрекетіне шағымданып, күш қолдану мен балағат сөздер айтылғанын мәлімдеп, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке және ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаментіне ресми түрде шағым жолдағанын хабарладық. Қызметтік тексеріс басталды.