ІІМ көлік және жүк тасымалдау саласында алаяқтарды ұстады
ІІМ қалааралық тасымалдау саласында қымбат автокөліктер мен түрлі тауарларды жымқырумен байланысты алаяқтық фактілері туралы ескертеді. Ведомствода алдау тәсіліне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Тапсырыс берушілермен және жүк көліктерінің жүргізушілерімен олардың көлік пен тауар тасымалдау туралы хабарландырулары бойынша алаяқтар хабарласып, тасымалдау қызметін ұсынады. Олар тапсырыс берушілерге өздерін автокөлік жүргізушісі ретінде, ал жүргізушілерге тапсырыс беруші ретінде таныстырады. Екі тарапты да алдап, көндіріп, одан әрі қарай заңсыз өткізу мақсатында ұрланған тауарды артады. Көбінесе мұндай фактілер Алматы қаласы мен Алматы облысынан басқа өңірлерге тасымалдау барысында анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осындай қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталды. Осыған байланысты ІІМ азаматтарға жүкті жөнелту және қабылдау барысында барлық қажетті құжаттармен мұқият танысуды ұсынады. Хабарландыруда көрсетілген жүргізушінің нөмірін міндетті түрде тексеріп, онымен тасымалдау маршрутын талқылап, жеткізу мекенжайын анықтап алу қажет. Күдікті іс-әрекеттерді байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз, – деді департамент бастығы – ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.