ІІМ кезекті «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бүгінде мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағытына айналды.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері әлеуметтік қолайсыздық факторлары және құқықтық мәдениеттің төмендігінен туындап отыр.
Мемлекет басшысы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Қылмыстық жағдайды сауықтыру, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында 24-30 қаңтар аралығында ІІМ кезекті «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.
Полиция департаменттері әкімдіктердің, білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау органдарының өкілдерін тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелерді түсіндіру бойынша сенім телефондарының жұмысын ұйымдастырды.
Аралау барысында 800-ге жуық қолайсыз отбасы анықталды, тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасауға бейім 2,5 мың адам ішкі істер органдарының есебіне қойылды.
Сондай-ақ,14 мыңға жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 2,5 мыңы отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттеріне байланысты болса, 500-і кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін, 6,5 мыңы алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендіктен жауапқа тартылды.
Қорғау нұсқамаларының талаптарын бұзғаны үшін 400-ге жуық құқық бұзушға, сондай-ақ мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамаған 200-ден астам құқық бұзушыға тиісті шара қолданылды.
Алкогольді ішімдікті мөлшерден көп ішуі салдарынан туындаған психикалық-мінез-құлық ауытқуларына байланысты адамдарды мәжбүрлеп емдеу үшін соттарға 400 материал жіберілді.
Мемлекеттік органдарды, ҮЕҰ мен жұртшылықты тарта отырып, «отбасылық жанжалға» қатысты жұмыс жүргізілді.
Ақсақалдар Кеңесі алаңында отбасылық зорлық-зомбылықтың 400 фактісі қаралды.
Қоғам кеңестерінің шешімдері негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық құрбандары дағдарыс орталықтарына жіберілді. Онда оларға психологиялық және әлеуметтік көмектер көрсетілетін болады.
Отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімдеріне 500 хат жолданды.
Сонымен бірге 300 ата-анаға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді.
Ішкі істер министрлігі барлық азаматтардан отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларына бей-жай қарамауды және өздеріне белгілі болған фактілер туралы полицияға хабарлауды сұрайды.