Бүгiн 2026, 14:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

ІІМ ескертеді: Қазақстанға келген шетелдіктерге талап өзгерді

ІІМ заңсыз миграцияға қарсы жаңа шараларды атады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Саид Латипов Қазақстанда көші-қон режимін бақылау және заңсыз миграцияның алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, шетел азаматтарының елде заңды негізде жүргені тиімді болуы керек.

Егер заңбұзушылық болса, тиісті айыппұлдар мен санкциялар қолданылады. Бұл қайталанатын құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қажет, - деді ол.

Саид Латипов шетел азаматтарының тіркелген мекенжай бойынша тұруы міндетті екенін еске салды.

Бұл талап уақытша және тұрақты тұратын азаматтардың барлығына қатысты. Ал Қазақстан азаматтары шетелдіктер келген жағдайда үш тәулік ішінде бұл туралы хабарлауы тиіс, - деді комитет өкілі.

Оның айтуынша, қазір тіркеу жүйесін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр.

Шетел азаматтарына өз мәртебесін, қай жерде жүргенін және келу мақсатын көрсету үшін 30 күн беріледі. Бұл - жеткілікті мерзім, - деді Саид Латипов.

Сонымен қатар ол Қазақстанда профилактикалық тексерулер ай сайын жүргізілетінін айтты.

Бұл шаралар шетел азаматтарының елге кіруі мен Қазақстан аумағында болу тәртібін бақылауға бағытталған, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Қазақстанға келетін шетелдіктер енді визаны бірнеше минутта ала алатынын айта кетейік.